СҚО-да құс фабрикасы жұмыртқа бағасын шарықтатып жіберген

Ғалиасқар Думан

Солтүстік Қазақстан облысында «Адель құс» ЖШС-не қатысты ірі көлемде айыппұл салынды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

«ҚР бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзуға қатысты жүргізілген тергеп-тексеру нәтижелері бойынша кәсіпорында ҚР Кәсіпкерлік кодексінде тыйым салынған бағаларды белгілеу және қолдау жөніндегі келісілген іс-қимылдар бөлігінде заңбұзушылық фактісі анықталды», - деп атап өтті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің хабарламасында.

Агенттік мәліметінше, тергеп-тексеруге СҚО аумағында тауық жұмыртқасын көтерме саудада өткізу бағасын белгілеу және ұстап тұру жөніндегі құс фабрикаларының келісілген іс-әрекеттерінде заңбұзушылық белгілері бар екені туралы хабарлама негіз болған.

«Қызылжар аудандық сотының қаулысымен «Адель құс» ЖШС ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 159-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2,9 млн теңге көлемінде айыппұл өндіріп алынды», - делінген хабарламада.

Аталған сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Айта кетерлігі, өткен жылдың мамырында аудандық соттың қаулысымен аталған компания осындай заңбұзушылық бойынша жауапкершілікке тартылған болатын.

Сондай-ақ, бұдан бұрын Қарағанды облысында жұмыртқа бағасын қымбаттатқан делдал жазаланған.