Жамбылда жиілеген еңбек ереуілдері: Әкім Нұржігітов неге ел алдына шықпайды

Ғалиасқар Думан

Былтырдан бері Жамбыл облысында еңбек ереуілдері жиілеп кетті. Өндірістегі жұмысшылар, көше сыпыратын азаматтар, жол жөндеушілердің наразылығы БАҚ-та жиі жазылған. Алайда осындай наразылықтар кезінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың бірде-бір рет халықтың алдына шығып, мәселені бірлесе реттеуге тырысқаны байқалмады. Не себепті әкім ел алдына шыққысы келмейді? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты әкімнің өзіне қойды.

Коллаж: Ulysmedia.kz

“Әр мәселенің, әр дау-дамайдың шешілу деңгейі бар. Аудан әкімі, басқарма басшысы, қала әкімі, облыс әкімінің орынбасары бар. Егер олар мәселені өз деңгейінде шешіп жатса, мен неге араласуым керек?”, – деп жауап берді аймақ басшысы.

Нұржігітов бірнеше рет дау-дамайдың ортасына барып, халықпен тілдескенін айтты.

“Мәселен, 6 қаңтар күні 250 адаммен алты сағат сөйлестім. Саясатты айттым, заңды айттым, түсіндірдім. Былтыр көп әңгіме болған Artsport-қа байланысты азаматтармен 3 рет кездестім. Өз көзқарасымызды айттық, мәселені шешу жолын айттық. Қаңтар оқиғасына байланысты ата-атаналар наразылығы бойынша ба бірнеше кездесу өткіздім. Егер қандай да бір мәселе бойынша облыс басшысының жұрт алдына шығуы талап етілетін болса, мен міндетті түрде шығамын”, – деді әкім.

Еске салайық, жыл басында «Таразэнергоорталығы» мекемесінің жұмысшылары жалақыларын көтеруді талап етіп, наразылыққа шықты

Сондай-ақ, Жамбыл облысының Сарысу ауданында «Қазфосфат» компаниясының жүздеген жұмысшылары бейбіт жиынға шығып, еңбек жағдайларын жақсартуды талап етті.