Популизм бе, әлде шын жұмысы ма? Ахметжановтың Көкшетау мектебіндегі видеосы қызу талқыланды

Ғалиасқар Думан

Бұрынғы ішкі істер министрі, Ақмола облысының қазіргі әкімі Марат Ахметжанов Көкшетаудағы балалары қысылып, шу шыққан №1 мектеп-гимназиясына барған. Видео әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ахметжанов білім беру мекемесіне «ескертусіз» барып, қауіпсіздік жүйесінің талапқа сай жұмыс істемейтінін, сондай-ақ аумақтағы жол белгілерінің дұрыс қойылмағанын байқаған.

«Басқа подъезден кедергісіз кірдім, дабыл түймесі жұмыс істемейді, жаяу жүргіншілер жолы көрінбейді. Мемлекет басшысы ең алдымен балалар үшін қолайлы жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге баса назар аударады. Қала әкімі мен білім бөліміне барлық мемлекеттік және жекеменшік мектептерді тексеруді тапсырамын», — деді Марат Ахметжанов.

Шенеуніктің видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Кейбірі адамдар экс-министрді «популизммен айналысып жүр» деп сынайды. Алайда әкімнің бұл әрекетін мақтап жатқандар да бар.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Көкшетаудағы мектепте балалардың бір-бірін қысып, залға сыймай жатқан видеосы тараған еді. Кадрда қысылған балалар бақырып жылап, көмек сұрайды. Ал ата-аналар бұған ашулы. Мұндай видео бұдан бұрын Астанада да тараған.