«Сепаратизм емес пе?» Петропавлдағы Ботаникалық бақты басшысы Татарстанға көшіруді сұраған

Ғалиасқар Думан

Татарстан президенті Рүстем Миннихановқа жазылған хатты әлеуметтік желіге белгілі блогер Ғалым Байтоқ жариялады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ашық дереккөзден

«Петропавлдағы Ботаникалық бақ мына хатқа қарасақ, татар диаспорасының ғана интеллектуалдық әрі зияткерлік еңбегі сияқты. Енді солар келіп, бақты Татарстанға көшіруді сұрап отыр. Мұны қалай деп атауға болады? Сепаратизм емес пе?» - дейді ол.

Ғалым Байтоқ сонымен қатар жазған адамдардың не себепті өздерін хатта «диаспора» деп көрсеткеніне таңғалады. Елде баяғыдан бері этникалық топ деген ұғым айтылатынын ескертеді.

«Қазақстан тәуелсіз мемлекет әрі бір ғана ұлт бар мұнда. Диаспора деген сөзді ұмыту керек», - дейді ол.

Блогердің жазған бұл жазбасына СҚО мәслихат депутаттарының бірі жауап берген.

«Диаспораның бұған қатысы жоқ. Бүгін ғана бұл хатты интернеттен көрдік. Диаспора сөзін отбасы деп өзгерту керек. Ал жалпы Ботаникалық бақ - Қазақстан Республикасының меншігі», - дейді Зәкіржан Мамлютов атты депутат.

Ашық дереккөзге қарағанда, Татарстан президентіне хат жазған Артур Рязапов дәл сол Ботантикалық бақтың басшысы.