Швейцариялық Glencore компаниясы "Қазмырыштың" бақылау пакетін жергілікті инвесторға сату жөніндегі келіссөздерді жалғастырып жатыр. Мәмілені аяқтау немесе одан бас тарту туралы түпкілікті шешім алдағы екі айда қабылданады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәміле туралы не белгілі?
Бұл туралы Glencore бас директоры Гэри Нэгл Goldman Sachs ұйымдастырған жабық конференцияда мәлімдеген. Financial Times басылымының жазуынша, келіссөздер соңғы кезеңіне жеткен. Glencore мәмілені 2027 жылдың басында аяқтағанын жариялауды жоспарлап отыр. Сарапшылар оның құнын 5 млрд долларға дейін бағалайды.
– Glencore “Қазцинктің” бақылау пакетін жергілікті инвесторға сату жөніндегі келіссөздерді жалғастырып жатыр. Қалай болғанда да, түпкілікті шешім алдағы екі айда қабылданады, – деп жазды Financial Times.
Басылым сатып алушының есімін атамаған. Алайда 2026 жылғы ақпанда Bloomberg Glencore компаниясы «Қазмырыштағы» өзіне тиесілі 70 пайыз үлесті Integra Construction құрылыс тобының иесі, кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліпке сату жөнінде келіссөз жүргізіп жатқанын хабарлаған еді. Ол кезде мәміле құны 4-4,5 млрд доллар деп бағаланған. Сондай-ақ Glencore сатып алуды ішінара өзі қаржыландыруы мүмкін екені айтылған.
Мүтәліп кім?
2026 жылғы мамырда Мүтәліпке тиесілі Nature Energy Solutions Ltd. компаниясы Патох Шодиев пен Александр Машкевичтің мұрагерлерінен ERG акцияларының 39,3 пайызын сатып алды.
Қазір кәсіпкер Қазақстандағы алтын өндіретін үш ірі компанияның бірі – «Алтыналмастың» 100 пайыз акциясын да сатып алып жатыр.
«Қазмырыш» шамамен 30 жылдан бері Glencore компаниясының бақылауында. Кәсіпорын Қазақстанда мырыш, қорғасын, мыс, алтын және күміс өндіреді.