Халықтың зейнетақы жинағындағы ақшасы жаңа вагон сатып алуға жұмсалатын болды

Аян Өрібай

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, облигацияларға салынған ақша инфрақұрылым жобаларын жүзеге асыруға жұмсалады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Министр не дейді

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының 173 млрд теңгесін "Бәйтерек" холдингінің облигацияларына салу жөніндегі шешімге түсініктеме берді.

– БЖЗҚ негізі "Бәйтерек" облигацияларын бірінші рет сатып алып отырған жоқ. БЖЗҚ да өөз кезегіне табыс табу үшін оның ақшасы айналымда болуы керек. Олар сенімді қаржы құралдарына инвестиция салуы тиіс. Әрине, квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына да. Бұл – инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға көмектесетін сенімді инвестициялар. Ақша экономикада қалады, - дейді министр.

Ақшаны қайда жұмсайды

– Бұл шығын инфрақұрылымдық жобаларды, атап айтқанда, өте қажетті жолаушылар жүк вагондарын сатып алуды жүзеге асыруға көмектеседі. Жолаушылар вагонының 50-70% тозып тұр. Бұл вагондар отандық компаниялардан жеткізіледі. Тиісінше ақша біздің экономикамызда қалады, әсері баршылық. Жаңа жұмыс орындары құрылады, - деді Қуантыров.

"Самұрық-Қазына" АҚ экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Айдар Рысқұлов энергетика жобалары үшін БЖЗҚ-дан 1,5 трлн теңге көлемінде қаражат қалай пайдаланылатыны туралы мәліметтерді жариялаған еді.