Қазақстанда бір айда өмір сүру құны 309 теңгеге өскен

Қалижан Бектемір

Қазақстанда ақпан айында өмір сүрудің орташа құны 48 363 теңгені құрады. Бір айда 309 теңгеге өсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz Ұлттық статистикалық бюросына сілтеме жасап.

Коллаж: Ulysmedia

ҰСБ деректері бойынша ақпанда орташа күнкөріс деңгейі 48 363 теңге болды. 18 жастан асқан ерлерге 57 427 теңге, әйелдерге 45 590 теңгені құрады. 14 жасқа дейінгі балалар үшін ең төменгі деңгей 39 118 теңге, 14 пен 17 жас аралығындағы ұлдар үшін 61 151 теңге, қыздар үшін 46 862 теңге болды. Зейнеткерлер үшін статистика бойынша ең төменгі күнкөріс деңгейі 45 238 теңгеге жетті.

ҰСБ сондай-ақ Қазақстан аймақтары бойынша күнкөріс деңгейі деректерін ұсынады. Мәселен, Маңғыстау облысында – 59 067 теңге, Астанада – 53 162 теңге, Алматыда – 50 849 теңге, Шығыс Қазақстан облысында – 50 363 теңге. Алматы облысында – 49 834 теңге, Ұлытауда – 48 312 теңге, Шымкентте – 48 125 теңге.

Ең төменгі күнкөріс деңгейі Түркістан қаласында – 44 307 теңге, Батыс Қазақстан облысында – 44 017 теңге, Қызылорда облысында – 43 990 теңге және Ақтөбе облысында – 43 552 теңге.

Еске салайық, Қазақстанда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы және ең төменгі күнкөріс деңгейі белгіленген болатын.

Мәселен, 2024 жылы ең төменгі жалақы 85 мың теңге (2023 жылы 70 мың), айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңге (2023 жылы – 3 450 теңге), базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңге (2023 жылы 24 341 теңге), ал ең төменгі зейнетақы 57 853 теңге (2023 жылы 53 076).