Триллиондап саналатын Қазақстан бюджетінің тапшылығын биылғы су тасқыны тіптен үдетіп жібермей ме? Ulysmedia.kz тілшісі бұл сұрақты қаржы вице-министрі Дәурен Темірбековке қойды.
Вице-министрдің жауабы
– Дұрыс түсініңіздер. Әр жылы Үкімет резерві болады. Ол қаражат осындай жағдайларға арналады. Шығынды жабуға жетеді. Қазіргі таңда онда 54 млрд теңге бар. Керек болса, басқа резервтен (кейінге қалдыруға болмайтын резерв деген бар – Темірбеков) қаражат бөле аламыз. Үкіметтің қолында тиісті қаражат бар, – дейді Дәурен Темірбеков.
Вице-министр Үкімет резервінен бөлек “Қазақстан халқына” және “Демеу” қорында миллиардтаған қаражат барын айтады.
– Жолды жөндеу немесе көпір салу болсын тиісті құжаттар керек. Сол жұмыстар жүргізілгеннен кейін Құрылыс және өнеркәсіп министрлігі ұсыныс енгізеді. Біз сол бағытта қаражат бөлуге дайынбыз. Жетпесе, тағы да резервті көбейтіп, бәрін орындаймыз, – дейді ол.
Fitch келіспейді
Вице-министр қаражат жеткілікті дегенімен, Fitch Қазақстан экономикасы 2024 жылы 3,8 пайызға төмендейді деп есептейді. Оның аналитиктері су тасқыны салдарынан Қазақстан экономикасының дамуының өсімі баяулағанын хабарлаған.
Қазақстан бюджетінің тапшылығы
Былтыр ұлттық экономика министрі болған Әлібек Қуантыров 2024 жылғы республикалық бюджет тапшылығы 3 трлн теңгені құрайтынын айтқан еді. Мәжіліс кулуарында журналистер министрден «3 трлн теңгені қайдан аласыздар, бюджет дефицитін жабу үшін Ұлттық қордан қаржы алына ма» деп сұраған. Әлібек Қуантыров не сырттан қарыз аламыз, не ішкі нарыққа мемлекеттік құнды қағаздарды шығарамыз деген еді.