Қазақстанда халықтың айлығы қашан өседі – екі министрге нақты сұрақ қойылды

Аян Өрібай

Қазақстанда халықтың айлығы қашан өседі деген журналистің сұрағына Үкіметте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров пен қаржы министрі Мәди Тәкиев жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

СҰРАҚ

– Қазір Ұлттық статбюро қазақстандықтардың орташа жалақысын айтты. Қазақстандықтардың көбі сонда 150-300 мың теңге аралығында ақша алатыны айтылды. 500 мың-1 млн теңге жалақы алатындар өте аз. Сұрағым: Қазақстан экономикасы 4 пайыздық өсімді көрсетіп жатыр. Неге қазақстандықтардың жалақысы өспейді? – деп сұрады журналист.

БАЙБАЗАРОВТЫҢ ЖАУАБЫ

Бұл сұраққа жауап берген Нұрлан Байбазаров экономикалық секторларды алып қарағанда ондағы жалақы өндірістің өнімділігіне байланысты екенін айтады.

– Жалақы бір орында тұрған жоқ. Өндірісі, табысы артқан сайын кәсіпорындар жұмысшылардың жалақыларын көбейтуге тырысады. Біз оны білеміз. Мемлекеттік қолдау шараларын көрсеткен кезде әрқашан қоятын талабымыз – мемлекеттен қолдау алатын кәсіпгорындар өзінің жұмыскерлеріне жалақыны көбейтуді талап етеміз. Ал егер бюджет саласына келер болсақ, соңғы жылдары бюджет тарапынан мемлекеттік қызметшілерге, азаматтық қызметшілерге жалақыны көбейту жұмыстары әлі жүргізілуде. Бұл жұмыс жалғасады. Сондықтан, бюджеттің мүмкіндігінше бұл жұмысты ары қарай жүргіземіз. Халықтың әл-ауқатын көтеру – басты міндет, – дейді ол.

ТӘКИЕВ НЕ ДЕЙДІ

Мәди Тәкиев әріптесінің сөзімен келіседі. 

– Бұл статистиканы біз де білеміз. Қазақстанда 150-300 мың теңгеге дейін жалақы алатын адамдардың үлесі 35 пайызды, 300-600 мың теңгеге дейін алатындар 36 пайызды құрайды. Ары қарай азаяды. Бүгінгі таңда экономиканың құрылымының өзі сондай. Жалпы көп көмек беріп жатырмыз. Екі-үш жылда азаматтық қызметкерлерге, мұғалімдер мен дәрігерлерге жалақы екі есе көбейді. Тағы көбейеді деп сенеміз. Ең төменгі жалақы 85 мың теңге  болды. Әлеуметтік саладағы министрлік қарап жатыр. Көтерілетін шығар. Жалпы жалақыны көтереміз, – дейді ол.

ҚАЗАҚСТАННЫҢ РЕЙТИНГІ

Қазақстан салықтан кейінгі орташа айлық жалақы рейтингінде 97 елдің арасынан 67-орынға тұрақтағаны жақында жарияланған еді. 

Numbeo деректер қоры өмір сүру сапасы мен күнкөріс деңгейі туралы ақпарат жариялады. Рейтингке енген 97 ел арасынан Швейцария, Люксембург және АҚШ ең жоғары табыс бойынша көш бастап тұр.

Швейцария айына 7 219 долларлық әсерлі орташа жалақымен жетекші орынға ие. Одан кейін Люксембург тұр, онда азаматтар алты мың долларға жуық табыс табады. АҚШ 4 529 доллармен үшінші орынды иеленді. Азия құрлығында Сингапур 4 503 доллармен жалақы бойынша бірінші орында.