Алматы қаласының 105 мың тұрғыны жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеден астам көлік салығын төлемеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы Алматы қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Ведомтсвоның мәліметінше, Алматы қаласы бойынша 441 221 жеке тұлғаның меншік құқығында 709 944 көлік құралы бар, олар бойынша 2022 жылға 16,6 млрд теңге салық есептелген. 2021 жылмен салыстырғанда көліктер саны 108 124 автокөлікке немесе тиісінше 18%-ға, салық базасы 2,2 млрд теңгеге өскен. 1 сәуір күні меншік құқығында көлік құралдары бар жеке тұлғалардан 2022 жылға арналған көлік құралдарына салық төлеу мерзімі аяқталады.
«Салық төлеу мерзімі өткен соң, көлік салығын төлемеген адамдарға мынадай шаралар қолданылады: мерзімі өткен әрбір күн үшін қайта қаржыландырудың 1,25 еселенген мөлшерінде өсімпұл есептеу, салық органдары мәжбүрлеп өндіріп алу мақсатында сот орындаушыларына «салық бұйрықтарын» жібереді, оның негізінде мүлікке және банк шоттарына тыйым салынады, шетелге шығуды шектеу. Сонымен қатар, қарыз сомасының 25 пайызын құрайтын сот шығындары қарастырылған. Жоғарыда аталған шараларды болдырмау үшін төлем мерзімі аяқталғанға дейін жеке тұлғаларды көлік құралдарына салынатын салықты төлеуге шақырамыз», - деп ескертті ведомствода.