Ұлы сотталған ана Тоқаевтан араша сұрап, Жоғарғы сот алдында пикет өткізді

Аян Өрібай

Павлодар қаласының тұрғыны Раукен Мұқанова Астанада жалғыз пикет өткізді. Ол “ұлым әділетсіз 8 жылға сотталып кетті” деп президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жүгінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia

Көзіне жас алған әйел таяуда Павлодар қалалық соты “өз бауыры Әлішер Советханды өлтірді” деген айыппен ұлы Сұлтанның 8 жылға сотталғанын айтады. “Ұлым кінәлі емес” деген ол ел президенті мен бас прокурордан істі жеке бақылауға алуды өтінеді.

– Төрт бірдей сараптама ешқандай төбелестің болмағанын, көз жұмған адам абайсызда баспалдақтан құлағанын көрсетіп тұр. Ол аз десеңіз, оның құлағанын көрген куәгерлер бар, - дейді ол.

Сонымен қатар, ол өлімнің мән-жайын анықтау үшін денеге бірнеше рет эксгумация жасалғанын жеткізді.

– Алматыдан сарапшылар келіп, бесінші рет сараптама жүргізгеннен кейін істің беті мүлде басқа жаққа бұрылды. Ұлым істе әуелі қорғалуға құқығы бар куәгер болған, ақыры кісі өлтіру бабымен айыпталушы болып шыға келді, - дейді Мұқанова

Ол сондай-ақ Әлішет құлаған кезде ұлы Талғат оның қасында болмағанын атап өтеді. 

– Мұны да сол жердегі куәгерлер растады. Ұлым бір ұрғанда бас сүйекті сындырып жіберетіндей спортшы емес. Тіпті оның қолында соққыдан қалған із де жоқ, - дейді анасы.

Мұқанова “өз ұлын туған сіңлісі соттағысы келгенін” жеткізеді. Талғатов пен Советхан бөле болғанын, бір-бірі үшін әрдайым жаны күйіп тұратынын айтады.

Сотта не болды

21 қарашада Павлодар қалалық №2 соты Сұлтан Талғатовты Әлішер Советханның өліміне апарып соққан денсаулыққа қасақана ауыр жарақат салу фактісі бойынша 8 жылға соттаған. 

Тергеумен 2021 жылдың 28 мамырында “Павлодар барларының бірінде Советханмен спирттік ішімдік ішкеннен кейін сотталған адам көз жұмған адамның басынан екі соққы жасағаны, сол арқылы ауыр жарақат түсіргені” анықталған. Өз басына қауіп төнгенін сезген Советхан екінші қабаттағы баспалдаққа жүгіріп шыққан. Тергеу осы кезде Талғатовтың оны қуып жетіп, кеудесінен тағы бір соққы жасағанын, құлаған Советхан ауруханада көз жұмған деген нұсқаға келген. 

Сот тыңдауы барысында сотталушы өзіне тағылған айыппен келіспеген.