ТЖМ Ресей мен Чехиядан 180 млрд теңгеге тікұшақтар мен ұшақтар сатып алады

Аян Өрібай

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов төтенше жағдайлар үшін ұшақтар мен тікұшақтар сатылып алынатынын бұған дейін Үкіметте өткізілген брифинг барысында айтқан еді. Ulysmedia.kz бұл мақсатта мемлекет бюджетінен қанша қаражат жұмсалып, ол техникалар не үшін қажет болғанын министрліктен ресми сауал арқылы сұрап білді.

Ulysmedia коллажы

НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ

Ulysmedia.kz редакциясының сұрағына берген жауабында бірнеше функцияларды біріктіретін көпфункционалды ұшақтар жеке құрамды, науқас адамдарды, жүктерді тасымалдау, шұғыл медициналық көмек көрсету, салонда зембілмен жараланған адамдарды тасымалдау, сондай-ақ төтенше жағдайлар аймақтарынан жаралылар мен зардап шеккендерді эвакуациялау мақсатында қолданылатыны жазылған. Шетел мемлекеттерінің төтенше ведомстволары да қызмет барысында осы практикаға сүйенетін көрінеді.

– Жалпы бұл әуе кемелері жоғарыда аталғандардан басқа, экстремальды климаттық жағдайларда (±50 °C шегінде) қысқа және дайын емес жолақтарда, сондай-ақ жетуі қиын аудандарда, әрі түнгі уақытта іздеу-құтқару операцияларын жүргізуге арналған, – делінген жауапта.

ҚАРАЖАТЫ ЖАЙЛЫ

Сатып алу жоспарланып отырған әуе кемелері Чехия мен Ресей мемлекеттерінде шығарылады.

– Лизингтік қаржыландыру аясында республикалық бюджет есебінен 180 млрд астам теңгеге 7 бірлік тікұшақ пен 4 бірлік ұшақ сатып алу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу рәсімдері жүргізілуде, – делінген жауапта.

ЖАҢА ҰШАҚТАР МЕН ТІКҰШАҚТАР

Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов биылғы тасқыннан кейін бірқатар шара қабылданып жатқанын атап өткен еді. Атап айтқанда біріншіден, құтқарушыларды арнайы киім-кешекпен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қайта қаралуда. Сатып алынатын нысанды киімі сапалы және тапсырмаларды орындауға ыңғайлы қимыл қозғалысқа қолайлы болуы көзделеді. Екіншіден, сапалы арнайы автомобильдер мен инженерлік техникалар, оның ішінде жүзу құралдарын, ұшақтар мен тікұшақтар сатып алынады. 

Жоспар бойынша лизинг арқылы Қазақстан 3 дана Ми-8 АМТ тікұшағын, 4 дана Ка-32 тікұшағын алады. Сонымен бірге 4 бірдей L-410 чехиялық ұшағын сатып алып, оларды 4 өңірде қоямыз: батыс, шығыс, солтүстік және оңтүстікке орналастырмақ.