Белгілі экономист Расул Рысмамбетов доллардың қымбаттауы және келешектегі болжамды құны жайлы Ulysmedia.kz порталының сұрағына жауап берді.
ЭКОНОМИСТ НЕ ДЕЙДІ
Сарапшылармен ақылдаса келе Расул Рысмамбетов теңгенің күні алда не болатыны жөнінде сұраққа нақты жауап жоқ дейді.
– Қазір теңгенің әлсіреуіне негізгі екі үлкен фактор әсер етті. Олардың бірі – доллар индексінің күшеюі, бүкіл әлемдегі валюталарда доллар қымбаттай түсті. Бұл бір. Екіншіден, валюталық пайда түсіріп келген Ресей компанияларына қарсы салынған санкциялардың әсері. Сол себепті Ресейде доллар бұрынғыдан бетер нығая түсті. Біз Ресеймен көрші экономикамыз. Импорт, экспорттың Ресеймен ауқымы үлкен. Сол себепті банк клиенттері долларды сатып ала бастады. Бұл айналып келіп, доллардың нарықтық бағадан сәл қымбаттауына апарып соқты, – дейді сарапшы.
Расул Рысмамбетовтің сөзінше, теңгенің енді 490 деңгейіне қайтуы қиын болады.
– Сондықтан, бұл жаңа шынайылық. Бұл ешкімді қуантпайды. Бейімделуден басқа амал жоқ. Бұл жағдайдан тез шығу қиын. Саудаласып, тауарды әртараптандырып, өндірісті ұлғайтып, ресейлік және қытайлың тәуелділіктен арылу керек. Бәсекеге қабілетті тауардың бәрі бойынша экспортты дамыту керек. Өкінішке қарай, мұның еш жақсы нышаны жоқ, – дейді ол.
ДОЛЛАРДЫҢ ҚЫМБАТТАУЫ
28 қарашадағы Қазақстанның айырбастау пункттерінде валюталардың орташа өлшенген бағамы белгілі болды. Доллар 525 теңгеге сатыла бастады. 18 қарашада Қазақстанның айырбастаушыларындағы доллар бағасы 500 теңгеден, ал 26 қарашада 503 теңгеден асқан еді.
Ұлттық банк осыған байланысты интервенция жүргізіп жатыр.