Отанға деген терең сүйіспеншілік идеясы – кинематографиядағы ең танымал бағыттың бірі. Қазақстанның Тәуелсіздігі күні мейрамына орай Ulysmedia.kz демалыс күндері көруге болатын тәуелсіздік һәм азаттық жолындағы күрес жайындағы тамаша картиналар топтамасын тарту етеді. Қазақстан кино өнері тәуелсіздіктің алғашқы жылдары шығармашылық ізденіс пен мүмкіндік тұрғысынан жаңа сатыға көтерілді деуге болады. Жаңа кезең фильмдеріне арқау болған сюжеттік идея – тарихи шындық пен экология тақырыбы еді.
ҚЫЗҒЫШ ҚҰС (БЕГУЩАЯ МИШЕНЬ)
Елі: Қазақ КСРО
Жанры: драма, тарихи
Премьерасы: 1991 жыл
Режиссері: Талғат Теменов
Рөлдерде: Нонна Мордюкова, Қанат Ахатов, Әшір Чоқыбаев, Жанат Шайкина, Райымбек Сейтметов, Гүлнара Дұсматова
«Қызғыш құстың» бас кейіпкері – желтоқсаншы Санжар. Оқиға да осы Санжардың қашқындағы өмірі бойынша өрілген. Көтеріліске қатысқаны үшін құқық қорғау органдары жас баланың ізіне түседі. Ақырында қолға түсіп, қамалады. Санжардың милициядан қашып жүрген, орыс кемпірдің үйін паналаған қиын-қыстау күндері сол кезеңнің ащы шындығын сезіндірмей қоймайды. Санжар көтерілістегі кездерін қайта-қайта еске алып, оқиғаға сәт сайын оралып отырады.
«Желтоқсан көтерілісі кезінде мен Мәскеуде тұратынмын. Көтерілістің болғанын сол жақтан естідім. Елге келген соң, көп жағдайға қанық болдым. Желтоқсан шындығының айтылмай жатқанын көрдім», – дейді режиссер Талғат Теменов.
Ол фильм сценарийін мәскеулік драматург, қалмақ жігіті Олег Манжиевпен бірлесіп жазған. Алайда фильмді Мәскеуге ұшақ арқылы жөнелткелі жатқанда пленкалар тиелген «Рафик» машинасы өртеніп кетеді. Сөйтіп «Қызғыш құсты» түсірген негативтердің барлығынан айырылып қалған. Осылайша қанды желтоқсанға қатысты көптеген деректі кадрлар да өртке оранды.
АЛЛАЖАР
Елі: Қазақстан
Жанры: драма
Премьерасы: 1996 жыл
Режиссері: Қалдыбай Әбенов
Рөлдерде: Ақан Сатаев, Жазира Қожабергенова, Назира Бақаева, Алексей Шемес, Андрей Скоров, Марина Кунарова, Нұржүман Ықтымбаев, Юрий Капустин
Бүгінде мемлекеттік арналардан көрсетілмейтін «Аллажар» фильмі 1988 жылдан бастап 1996 жылға дейін түсірілді. Көркем фильм 1986 жылғы Желтоқсандағы қайғылы оқиғаларды көркем жаңғырта отырып, Алматыдағы шерулер мен қудалауды аяусыз, ашық көрсетеді.
«Бұл фильмді «Аллажар» деп атамағанымда сол кездегі қиын-қыстау заманда тағдыры басқаша болатын еді. Фильмді Алла атымен атағандықтан да, көптеген қиындықтардан аман өтті. Кешегі Желтоқсан көтерілісінде Қайрат, Ләззат, Ербол, Сәбирадай жастарымыз да Алладан медет сұрады. Фильмді бұлай атауымның тағы бір себебін айтайын. Актерлар қақаған қыста жалаң-аяқ ойнады. Бірақ, бір ғажабы, ешқайсысы ауырмақ түгілі, бірде-бір рет түшкірген жоқ», – дейді фильмнің режиссері Қалдыбай Әбенов.
Желтоқсан ақиқатын ашып көрсеткен фильмнің де, режиссердің де жолы болмады. «Аллажардың» атын атаудан ресми ақпарат құралдары қорыққанымен сол жылдардан бері фильмдегі суреттер мен құжаттарды пайдаланып келеді.
ЕРЖҮРЕК (BRAVEHEART)
Елі: АҚШ
Жанры: тарихи, драма
Премьерасы: 1995 жыл
Режиссері: Мел Гибсон
Рөлдерде: Мел Гибсон, Софи Марсо, Патрик МакГуэн, Энгус МакФадьен
Фильм 1280 жылы Шотландияда басталады. Оқиға желісінде король Эдуард Лонглегтің тұсында британдықтарға қарсы күресте аты аңызға айналған ұлттық қаһарман Уильям Уоллестің тарихы баяндалады.
Әкесі ағылшындардың қолынан қаза тапқан соң, Еуропадағы нағашысының қолына кетіп жақсы білім алады. Уильям есейген шағында отанына оралып, отбасын құрып, бейбіт өмір сүруді армандайды. Бірақ тағдыр барлығын басқаша шешті. Оның қалыңдығын британдықтар өлтіріп, қайғыдан қан жұтқан дала тағысы бостандық жолындағы крест жорығын бастайды.
Шотландықтардың азаттық жолындағы күресін баян еткен көркемшығарма рухы көрермен жүрегінде ұлты мен туған еліне деген өшпес махаббат отын тұтандырады.
«Үздік фильм», «Үздік режиссер», «Үздік операторлық жұмыс», «Үздік дыбыс монтажы», «Үздік гримм» аталымдары бойынша «Оскар» жеңімпазы.
ПАТРИОТ (THE PATRIOT)
Елі: АҚШ, Германия
Жанры: тарихи, драма, боевик
Премьерасы: 2000 жыл
Режиссері: Роланд Эммерих
Рөлдерде: Мел Гибсон, Хит Леджер, Джоэли Ричардсон, Джейсон Айзекс, Крис Купер, Чеки Карио, Рене Обержонуа, Лиза Бреннер, Том Уилкинсон, Донал Лог
Роланд Эммерих түсірген тарихи драма сюжеті Америкадағы революциялық соғыс кезіндегі оқиғаларды баяндайды. Мел Гибсон сомдаған фильмнің бас кейіпкері Бенджамин Мартин – ержүрек ардагер, көп балалы әке. Соғыс басталған тұста, 1776 жылы ол соғысға бармай балаларымен фермада қалады.
Жан түршігерлік оқиға Бенджаминнің бар өмірін күтпеген жерден өзгертеді: үйіне аңдаусызда айтпай жетіп келген жау ұлдарының бірін аяусыз өлтіреді. Осыдан соң ашынған әке ең қатыгез көтерілісшілер отрядының командирі болады. Ержүрек үлкен ұлы қан майданға бірге аттанады. Америкалықтар жауға лайықты тойтарыс беріп, өз Отаны үшін ерлікпен соғысып жатыр, бірақ жаулары да жеңіс үшін қолдан келгенін жасауға дайын. Бенджаминнің бостандыққа жету жолындағы ерлікке толы шайқас жолы адамзатқа ортақ мәселелердің басын қозғайды.
Фильмдегі жан алысып, жан беріскен кейіпкерлердің шынайы болмысы көрерменнің де, кино мамандарының да жоғары бағасына ие болды.
ГЕРКУЛЕС (CEP HERKÜLÜ: NAIM SÜLEYMANOGLU)
Елі: Түркия
Жанры: биография, драма, спорт
Премьерасы: 2019 жыл
Режиссері: Озер Фейзиоглу
Рөлдерде: Хаят Ван Ек, Селен Өзтүрк, Йеткин Дикинжилер, Гөркан Уйгун, Ренан Билек, Левент Юльген, Бүйлент Алкис, Кемал Басар, Угур Гүнеш
Наим Сүлейманоғлы – Болгарияда дүниеге келген, Түркия азаматы. Ол бар ғұмырын ауыр атлетикаға арнап, небәрі он бес жасында әлем рекордын орнатып үлгерді. Қалталы Геркулес деген лақап ат берілді, өйткені ол тарихта өз салмағынан үш есе көп жүк көтерген бірінші адам болды.
Социализм құруға талпынған, барлығын коммунистік партия басқарған Болгарияда қысым көрген бас кейіпкер, Түркияға қашып барады. Өзінің мансап жолында тамаша нәтиже көрсеткен спортшы 47 рет әлемдік рекордты жаңартып, үш дүркін Олимпиада чемпионы атанып, он үш рет әлем және Еуропа чемпионаттарының ең жоғары деңгейіне көтерілді.
Ол өмір жолында қандай қиындықтарға тап болды және оған жаңа жетістіктерге жетуге не көмектесті? Фильм осындай сауалдарға жауап іздей отырып, үлкен көш бастауға себеп болған қайраткер өмірін жан-жақты көрсетеді. Фильмді Netflix арнасынан көруге болады.
Иә, соңғы жылдары заманауи түрік киносы жылдам өркендеп, Еуропадағы және өзге де ең айтулы кинофестивальдерде бәсекелесе алатын деңгейге көтерілді. Ал тарихи оқиғаға негізделген түрік телехикаялары шетелдік көрермендер арасында ерекше ықыласқа ие.