Алматыдағы ҚБТУ ғимараты өртеніп жатыр. Оқиға орнынан репортаж

Сымбат Сатыбалдина

Ulysmedia.kz тілшісі Алматыда өрт шыққан ҚБТУ ғимараты жағына арнайы барып, оқиға орнынан ақпарат таратады.

Ulysmedia

ҚБТУ ғимараты орналасқан Астана алаңының периметрін полиция қызметкерлері жауып тастаған. Ғимарат жаққа бару мүмкін емес. Полиция қызметкерлері сол жаққа беттегісі келген тұрғындарды жібермей тұр.

Фото: Ulysmedia

Алыстан өрт сөндіру қызметі биіктететін арнайы техникалар арқылы тілсіз жауды ауыздықтауға тырысып жатқаны көрінеді. 

Фото: Ulysmedia

Төле би Назарбаев және Төле би Абылайхан аралығынде көлік қозғалысына шектеу қойылған. Көшенің екі жағында да полиция қызметкерлері тұр. Тұрғындарды да, БАҚ өкілдерін де өткізбейді.

Қазір ғимараттың төбесінен әлі түтін шығып тұр.

Фото: Ulysmedia

Алдын ала мәліметтер бойынша, төртінші қабаттағы бөлмелердің бірінде төбесі жанған.

Фото: Ulysmedia

Алматы әкімдігі ҚБТУ ғимаратындағы өртті жою үшін ТЖ қызметтеріне қажетті көмек көрсетілетінін хабарлайды. Бұл орында Алматы қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасары Бейбіт Шаханов, сондай-ақ құрылымдық бөлімшелердің басшылары тұр. Алмалы ауданының әкімдігі өрт сөндірушілерге ыстық тамақ пен сусындарды әкелген.

Фото: Ulysmedia

ТЖМ НЕ ДЕЙДІ

Өрт орнында жедел штаб құрылған. Қазақстан ТЖМ Командалық орталығы өртті сөндіру үшін күштер мен құралдар санын өсіруді тапсырған. Оқиға орнында Алматы ТЖД 78 құтқарушысы мен 28 бірлік техникасы жұмыс істеп жатыр.

ТАРИХИ ҒИМАРАТ

Айта кетейік, ҚБТУ ғимараты — Алматы қаласындағы Астана алаңында орналасқан ғимарат. 1957 жылы салынған қаладағы тарихи және көрнекті ғимараттардың бірі.

Бұл ғимаратта 1991 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі туралы заң қабылданды. 1997 жылдан 2001 жылға дейін ғимарат Алматы облысы әкімінің резиденциясы қызметін атқарды. Осыдан кейін ғимарат Қазақстан-Британ техникалық университеті орналаспай тұрып бір жылдан аз уақыт бос тұрған еді. 2018 жылы ҚБТУ бас залы қайта жаңғыртылды.