Алмаз бұйым, қолсағат, Louis Vuitton сөмкесі: байлар өткізген бұйымдар аукционда өтпей тұр

Аян Өрібай

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы былтыр мемлекеттік аукцион сайтында қымбат бұйымдарды аукционға шығарған. Алайда ол бұйымдарды сатып алуға ешкім ниет білдірмеген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

САУДАҒА ШЫҒАРЫЛҒАН ҚЫМБАТ БҰЙЫМДАР

Мемлекетке қайтарылған активтерді сатып, бюджетке қаражатын бағыттауға қаржы министрлігіне қарайтын Қайтарылған активтерді басқару компаниясы жауапты. Компания десе де, қандай мүлік кімнен қайтарылғанын, ол нысандар немесе асыл бұйым қандай жолмен мемлекет меншігіне өткенін ашып айтпайды.

Мемлекеттік аукцион сайтында осындай мүліктердің көз тартар бір шоғыры өткен айда саудаға шығарылған еді. Компанияның есебіндегі осы мүліктердің аукционы бүгін, яғни 22 қаңтарда өткізілген.

ҚАНДАЙ БҰЙЫМДАР САУДАҒА ШЫҒАРЫЛДЫ

Мемлекет саудаға шығарған бұйымдардың ішінде құны жүздеген миллионға баратын қымбат сағаттар, құнды сақиналар мен сырғалар бар. Атап айтқанда, 29 млн теңгеге «Frank Muller Geneve» қол сағаты (бастапқы бағасы), 85 млн теңгеге алмаздан жасалған зергерлік бұйымдар жинағы (2 сырға, тізбектегі кулон және 2 сақина), 3,8 млн теңгеге «DAMIANI» сақинасы мен екі сырғасы, 5,1 млн теңгеге алмаз және сапфирмен безендірілген сырға мен сақина, 1,3 млн теңгеге «Чалма» алтын сақинасы бар. Арасында Louis Vuitton Paris сөмкесі де тұр. «Troops of Chinggis Khan», «Шығыс күнтізбесі» сынды коллекциялық монеталар да саудаға шығарылған. 

Осы бұйымдардың ішінде ең қымбаты – қолсағаттар. Мәселен, Ulysse Nardin Classic 789-80 маркалы сағаттың бастапқы құны 214 млн теңгеден басталған. Басқа қолсағаттардың да құны арзан емес. Breguet маркалы сағаттардың түр-түрі 3,5 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін саудаға шығарылған. 

БІРДЕ-БІРІ ӨТПЕЙ ҚАЛДЫ

Аукционға шығарылған бұйымдар көпшілікке ашық шарттармен ұсынылған. Алайда олардың бірде-бірі өтпеді. Аукцион басталған кезде аукцион залында бірде-бір адам бұл бұйымдарды сатып алуға өтініш бермеген.

Қайтарылған активтерді басқару компаниясы дәл осындай 19 хабарландыру жариялаған. Бірде-бірі өтпей қалған.

Компания алдағы уақытта аукционға бұл бұйымдарды қайта шығарады.