Ермұрат Бапи: Бекболат Тілеухан айтқан әлдебір бықсық сөзге көңіл бөлер мұршам жоқ

Ғалиасқар Думан

Депуат Ермұрат Бапи өзін "популист" деп атаған экс-депутат Бекболат Тілеуханға жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: ulysmedia.kz.

Еске сала кетсек, таяуда экс-депутат, бүгінде Түркияда тұрып жатқан әнші Бекболат Тілеуханның Парламент мәжілісінің депутаттарын популист деп атаған видеоүзіндісі тараған болатын. 

«Ашық популизм. Ринат Зайытов, Ермұрат Бапи, Нартай Аралбай – популист,  өте популист. Көріп отырсың ғой. Жалақының өмірі 300 мың теңге болмайтыны түсінікті ғой (Ринат Зайытов бұған дейін Қазақстандағы ең төменгі жалақы 300 мың теңге болуы керек деген еді). Өмірі болмайды ғой», – дейді журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында.

Бүгін журналистер Ермұрат Бапиден экс-депутаттың осы сөзіне байланысты не ойлайтыны сұраған. Бапи оған аса мән бермейтінін атап өтті.

– Бекболат Тілеухан сияқты жігіттер ойына келгенін сөйлей береді. Аталған азаматтар ең бір өткір және саяси тұрғыда айтылмай жүрген тақырыптарды көтеріп, оны биліктің алдында, қоғамның алдында ашық айтып жүрген жігіттер. Сондықтан оларды кекету, мұқату тұрғысында Бекболаттың айтқан әлдебір бықсық сөзіне көңіл бөлетіндей мұршам жоқ, – деді депутат.

“Яғни популизммен айналысып жүрген жоқсыздар ма?” деген сұраққа депутат сұрақпен жауап берді.

– Популизмнің өлшемі қандай екенін сіздер анықтамасаңыздар, мен өз азаматтық ұғымымда ел перзенті ретінде қоғамға қажет шаруамен айналысып жатырмын деп есептеймін. Ешқандай жерде мен ұран салып, атымды, затымды жарнамалау үшін далбасалап жүрген жағдайым жоқ. Соңғы көтерген мәселем – қоғамдағы теріс діни ағымдарға байланысты. Оның қай жерінде популизм болуы мүмкін? Қоғамды жайлап бара жатыр. Әрине, ол Бекболат Тілеуханның шымбайына тиеді. Б..тына ши жүгірткендей болып отыр. Өйткені ол – теріс ағымның өкілі. Содан кейін ол бізге қарсы айтып жатыр, – деп жауап берді Бапи.