«Балам өліп қалмай тұрғанда Италияға жеткізуім керек»: Ашынған азаматтар Қазмедиаға келді

Аян Өрібай

Астанадағы Қазмедиа орталығына азаматтар келіп, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жан айқайын жеткізуге тырысты. Олар туыстарының денсаулығына байланысты қиын жағдайда қалғанын дәрігерлердің қателігінен көреді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың отставкасын талап етеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Ulysmedia.kz

«Қойнымда жатқан баламмен күн сайын қоштасам»

«Үкімет аппаратынан шықтым. Төрт жастағы балам дәрігерлердің кесірінен үйде кислородпен демалып жатыр. Сатурациясы 45-50. Сау балалардыкі 90 болады. Жүрегіне ота жасату үшін Италияға апара алмай отырмыз. Халық 4 млн теңге жинап берді. Қарындасым үйін сатып, ақшасын берді. Қазір қалтамызда 23 млн теңге тұр. Мына қызым да мүгедек. Арбаға таңылғанына 12 жыл болды. Күйеуім үшінші топтағы мүгедек. Ашынғаннан үкімет аппаратына да кірдім. Жылап келіп тұрған адаммын», - дейді Ләззат Медимова атты астаналық тұрғын.

Ләззат Медимова оттегі беретін аппаратпен бірге (19 келі) баланы Италияға жеткізуге әуе компаниялары келіспей отырғанын айтады. Жеке санавиация қызметтері Италияға жеткізу үшін 33 млн теңге сұраған. Ал мемлектетік санавиация қызметі Италияға апарудан бас тартып отыр.

«Балам өліп қалмай тұрғанда Италияға жеткізуім керек. Қойнымда жатқан баламмен күн сайын қоштасам. Баламның еті кетіп барады», - дейді ол.

«Қазақстан халқына» қорына жүгінгенімен олар отбасыға қаражат бермепті. Ал денсаулық сақтау министрлігі тек Санкт-Петербургке дейін жеткізіп бере алатынын айтқан. 

«Ол қаладағы көпбейінді аурухана толыққанды балаға көмектесе алмайды. Қажетті отаны тек Италияда жасалады», - деген Ләззат Медимова баласын Еуропа еліне барып емдеу үшін көмек сұрайды.

«Білмесе, білетін мамандарға жіберсін»

Астанаға Арқалықтан келген Данияр Шәкімов атты азамат та бүгін денсаулық сақтау министрімен кездесем деп ойлаған. 

«Әйеліме 13 рет ота жасалды. Дәрігерлердің қателігі кесірінен отаны дұрыс жасамай, әйелімнің бұғанасына инфекция түскен. Сүйекті бітістірмеген. Ақыр аяғы сүйекті қисық бітістіріп, ішіне инфекция түсірген. Бұғанасына 9 рет ота жасалды. Әлі күнге дейін Батпенов атындағы травматология ауруханасында жатыр», - дейді Данияр Шәкімов.

Қазір Даниярдың зайыбының денсаулығына байланысты дәрігерлер ешқандай шешім шығара алмай отырған көрінеді. 

«Бұғанасы іріңдеп, қайта-қайта ота жасай береді. Қаншама нархоз береді. Денсаулығына зиян. Білмейтін болса, неге бізді білетін мамандарға жібермейді? Өздері білмесе, неге өзге мемлекетке жібермейді? Қаншама рет алдарына бардық. Арқалықтан «министрмен кездесесіз» деп шақырып алды. Дудник деген қабылдады. Кездесем деген министрмен кездесе алмадым», - дейді ол.

Данияр үш баласын төрт жылдан бері жалғыз бағып отырғанын айтады. 

«Үкімет оны түсінбейді. Қаншама несием бар», - дейді Данияр.

Туғандарының денсаулығын үшін күресіп әбден шаршаған, ашынған азаматтар денсаулық сақтау министрлігінің отставкасын талап етеді.