«Табыстың 50%-ын бізге бересің»: Қазақстанда іnDrive басшысын ықпалды адамдар бопсалаған

Аян Өрібай

InDrive тасымал сервисі (такси) қызметінің негізін қалаушы, кәсіпкер Арсен Томский Қазақстанда жемқорлықпен қалай бетпе-бет келгенін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Коллаж: ulysmedia.kz.

«Мобильді такси қызметі жағынан жетекші компанияға айналғаннан кейін бізге бір ықпалды адамдар шығып, «егер Қазақстанда жұмыс істегілерің келсе, онда табыстарыңның 50 пайызын бізге беруге міндеттісіңдер» деді. Біз ешқашан пара бермейміз. Якутиядағы тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары 20 жыл бойы жемқорлыққа қарсы күресіп келеді. Тиісінше, біз оларға «50 түгілі, табыстың 15, тіпті 5 пайызын да бермейміз, құрып кетіңдер» деп жауап бердік», – дейді ол nfactorialpodcast деп аталатын youtube-арнаға берген сұхбатында.

Осы әңгімеден соң бірнеше аптадан кейін іnDrive компаниясының ІР-і Қазақстанда қара тізімге енгізілген.

«Қазақстанда Қытайдағыдай бүкіл интернет бір нүктемен өтеді. Ізінше бір күннің ішінде біз бәрінен айырылдық. Алайда бұл жағдай бізді тек қуаттай түсті. ІР-ді өзгерттік. Азаматтарға VPN қызметін қалай пайдалануға болатынын үйрете бастадық. Үкімет деңгейінде сол интернеттер нақты Астананың қай жерінде бұғатталатынын біліп алдық та, олар біздің ІР-ді қара тізімге енгізген кезде дәл сол ғимаратта біздің сервис тоқтап қалғандай көрінетін жағдай жасадық. Алайда сол ғимараттан тыс жерлерде жұмыс істеп тұрды. Оған қоса біз сотқа, монополияға қарсы комитетке жүгіндік. Осылайша, екі айдан кейін бұғаттау қарқыны төмендей бастады. Біз жақтан оларға «50 емес, тым болмағанда 25 пайыз берейік» деп ешкім барған да жоқ. Осы текетірестен өздері де шаршады ғой деймін», – дейді Томский. 

Компания одан бөлек, ақпараттық шу көтерген. Ақыры жарты жылдан кейін іnDrive жұмыстың бәрін қалпына келтіріп, екі жылдан кейін одан заңсыз бұғаттауды мүлде алып тастаған.

Еске сала кетейік, жақында ресейлік кәсіпкер Арсен Томский Қазақстан азаматтығын алғанын мәлімдеген еді. 

Әу баста Якутияда негізі қаланған халықаралық inDrive қызметі Қазақстанда 2014 жылы іске қосылған. 2022 жылы компания Ресейдегі жұмысын тоқтатты. Барлық қызметкерлер әртүрлі елге қоныс аударды. Олардың көпшілігі Қазақстанға көшті. Мұнда inDrive ең үлкен хаб құра алды. Бүгінде Алматы мен Астанада мыңнаннан астам қызметкер жұмыс істейді.