Өзінің бүйрегін 18 мың АҚШ долларына сатуға тырысқан астаналық ер адам ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол әлеуметтік желі қолданушыларына бүйрегін сататынын жазған. Ал сатып алу операциясы туралы барлық келісімді сатып алушы ұйымдастыруы керек деген. Танымал әлеуметтік желідегі ерекше хабарландыруға Ақмола облысының ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері назар аударып, донормен байланысқа шыққан.
Бірнеше апта бойы полицейлер арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп, нәтижесінде трансплантация жасау және ақша қаражатын беру туралы мәміле жасалды.
ҰҚҚКБ қызметкерлері Көкшетау қаласында күдіктіні ақша беру кезінде ұстады. Алғашқы тергеу әрекеттері аясында полицейлер ер адамның Ақтөбе қаласының тумасы, бірақ елордада тұратынын анықтады. Қатысушының өзі мұндай шарасыздыққа құмар ойынға тәуелділіктен барғанын түсіндірген. Өйткені ол соның салдарынан қарызға белшеден батып кеткен.
Бұл факті бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.