Қарағандыда соққыға жығылған жедел жәрдем жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлы күдікті Нұрболат Дәкебаевты кешіруге дайын, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Ол өзі туралы теріс ойлап жатқандар бар екенін айтып, күдіктіні кешіруге әзір екенін жеткізді.
Бәріміз де пендеміз...
Бір таяқ жеп, хайп ұстап жүр деп ойлайтындар табылуда. Бірақ Tik-Tok парақшамды бұрыннан жүргіземін. Жедел жәрдем жүргізушілігінен бөлек, актер адаммын. Бәріміз де пендеміз. Алла бәрін кешіреді. Алланың алдында пендеміз. Біз де кешіреміз. Соттатамын, оны түрмеге отырғызамын деген сөз айтқан жоқпын. Қазақ еліміз аман болсын, - дейді ол.
Сондай-ақ жәбірленуші денсаулығы жақсарып келе жатқанын айтты.
Мұрынға жасаған бірінші отам сәтті өтті. Енді екіншісі бар. Әрбір қазақ жалғызым. Дұрыс жағынан түсінейік, - дейді Төреғали.
Бұған дейін жедел жәрдем жүргізушісі атышулы оқиғаның қалай болғанын айтып берген болатын.
Ал депутаттар бұзақыны ашық сотта жазалауды талап етті.
Не деген сұмдық?
Құқықбұзушы Нұрболат Дәкебаевтың бұл әрекеті – жәй ғана қылмыс емес, бүкіл қоғамға, заң мен тәртіпке ашық қарсылық, не істей аласың деген дөңайбат.
Өзін бейнетаспаға түсіріп жатқанын біліп тұрса да, ешқандай айылын жимай жұдырық сілтеп, қызметтегі адамды қанға бөктіруі – әбден шектен шыққандық, нағыз қаныпезерлік.
1 жасар сәбиге көмекке келген медицина қызметкерлерін, ашықтан-ашық, куәгерлердің көзінше ұрып-соғу не деген сұмдық? - дейді депутат Елнұр Бейсембаев.
Арада бірнеше күн өткенде күдікті Нұрболат Дәкебаев қолға түсіп, Уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері облыс орталығынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан ауылдардың бірінен 36 жастағы күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.
«Қиянатым күн бермей жатыр...»
Бүгін Нұрболат Дәкебаев зардап шегушіден, күллі халықтан кешірім сұраған видеосын жариялады.
Ассалаумағалейкүм, барша қазақстандықтар, барша мұсылмандар, Қазақ елі! Мен 2024 жылы 1 ақпан күні өзім барып берілмекшімін. Себебі істеп қойған қиянатым күн бермей жатыр. Бәрінен, ақ халаттылардан кешірім сұраймын. Мен зиян тигізбек ойым болған жоқ. Ондай ойым болмаған, болмайды да. Жаңағы қол жұмсап, менен жәбір көрген бауырымнан мен кешірім сұраймын. Алла разылығы үшін кешіріңіздер. Қазақстандағы мұсылман бауырлар, барлықтарыңыз мені кешіріп қойыңыздар. Өз қателігімді түсініп отырмын, – деді Дәкебаев.