«Шет елдегі қазақ балалары» жобасының кейіпкерлері Қазақстанға келеді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Олар қазақ тілін оқиды, қазақ мәдениетімен танысады, қазақтың тарихын біледі», деп сүйінші сұрады жоба авторы Жанар Байсемізова әлеуметтік желіде.
«Қазіргі уақытта әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті ресми хат дайындап жатыр. Университеттің атынан Гүлшара Асылбайқызы осы іске жанын салып, кірісіп жатыр. Хат дайын болған соң шет елдегі ҚР елшіліктеріне жолдаймыз»,- деп жазды жоба авторы өзінің желідегі парақшасында.
Шетелдегі қазақтың қыз-жігіттеріне бұл хабар жеткен. Көпшілігі келуге ықылас танытып отыр.
«Шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың елде қиналмай жүруіне барлық жағдай жасалады. Олардың жол шығыны, визасы төленеді. Үш мезгіл тамақ, жатақхана тегін беріледі+стипендия алады. Ұзақ уақытқа келе алмайтындары үш ай, уақыты барлары тоғыз ай оқиды. Елге келіп, ана тілін үйренуге Талғат, Сардар, Әнел және Сұлтан құлшынып отыр. Сабина да келуі мүмкін. Әнел тоғыз айға келгісі келіп жатыр. Талғат, бүгін қашан келе аламыз, деп сұрап жатыр», - жазды Жанар Басемізова.
Еске сала кетейік, Жанар Байсемізова алғаш 2009 жылы қолға алған шет елдегі қазақ балалары туралы жоба биыл алтыншы маусымын шығарды. Бағдарлама әр жылдары көрермен тарапынан қызу талқыланады.Саясаттан бастап, әлеуметтік жағдай, білім беру, жемқорлық, жеке индентификация, бала тәрибесі секілді маңызды аспектілерді қамтыған бірегей жоба жайлы сұхбатты толық көру үшін сілтемеге өтіңіз.