Белгілі мәдениеттанушы, этнограф Серік Ерғали Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын тойлауға қатысты тосын пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оның айтуынша, бізде әлі күнге дейін Наурыздың ресми бейнесі, атрибуттары жоқ.
Осы мәселені он жылдан бері айтып келе жатырмын. 23 наурызды 14 наурызға ауыстырып, мереке етіп бекіту қажет. Мүшелдік жыл басы деп мәртебе беру керек. Сонда ол дүниежүзіндегі ең ескі жаңа жыл болады.
Бізде әлі күнге дейін Наурыздың ресми бейнесі, атрибуттары жоқ. 90-жылдары басталған этнографиялық сипат әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Оның басты себебі – Наурыз мерекесі ғылыми тұрғыдан терең зерттелген жоқ. 2009 жылы бұл мейрамды тойлаудың жаңаша тұжырымдамасын жариялап, сол тұжырымдамамен Астана қаласында алғаш рет Ұлыстың ұлы күнін атап өткенбіз. Арада 15 жыл өтсе де, әлі ештеңе өзгермеді, – дейді мәдениеттанушы.
Сондай-ақ Серік Ерғали Наурыз этнографиялық еске алу күніне айналып кеткенін айтты.
Шыны керек, қазір Наурыз этнографиялық еске алу күніне айналып кетті. Сол күні музейдегі бүкіл экспонаттарды шығарамыз, баланы бесікке саламыз, тұсауын кесеміз. Былайша айтқанда, мерекеге қажеті жоқ дүниелерді жасаймыз. Оның үстіне 23 наурызды демалыс күні етіп қойдық. Алайда, бұл күннің Наурызға ешқандай қатысы жоқ, – дейді мәдениеттанушы.