13 жастағы қызды зорлаған имамға қатысты үкім өзгеріссіз қалды

Ulysmedia

Қарағанды облыстық сотының апелляция алқасы кәмелетке толмаған қызды зорлағаны үшін сотталған ер адамның жазасын өзгеріссіз қалдырды. Ол өңірдегі кенттердің бірінде өзін имам ретінде таныстырып, бірнеше рет 13 жастағы қызбен қатынасқа түскені үшін 20 жылға бас бостандығынан айырылған еді, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Биылғы жылғы қаңтарда полиция Қарағанды облысы кенттерінің бірінде өзін имам деп таныстырған ер адамды ұстады. Жалған имам жәбірленушінің ата-анасымен сенімді қарым-қатынаста болып, ересектердің жоқтығын пайдаланып, бірнеше рет 13 жасар қызды зорлаған. Салдарынан қыз жүкті болып қалған. Тергеу кезінде қаскүнемнің кінәсі дәлелденіп, ҚР ҚК 120-бабы 4-бөлігі бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда сотталушы ер адам қыз онымен өз еркімен байланысқа түскенін айтып, апелляциялық шағым жазған, дейді Қазақпарат.

«Сотталғанның кінәсі сотта зерттелген дәлелдемелермен, оның ішінде жәбірленушінің, оның заңды өкілінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындыларымен және басқа іс материалдарымен толық дәлелденген. Сотталғанға негізгі және қосымша жаза оның жасаған іс-әрекетіне байланысты заңда көрсетілген шекте, қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіп дәрежесі, жеке басы, жәбірленушінің пікірі ескеріліп дұрыс тағайындалған. Тағайындалған жазаның мөлшерін азайтуға, сотталғанның әрекеттерін қылмыстық заңның басқа бабымен қайта саралауға сот алқасы негіз анықтамады. Үкім заңды күшіне енді», - деді Қарағанды облыстық соты.