Этникалық қазақтарға «қандас» мәртебесін беру тәртібі жеңілдейтін болды

Қалижан Бектемір

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «қандас» мәртебесін беру тәртібін жеңілдетуді жоспарлап отыр. Бұған дейін оны алуға тек Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі және «Құтты мекен» АЖ мобильдік қосымшасы арқылы өтініш беру мүмкін болса, енді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы да мұндай өтініштерді қабылдайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Бұл туралы министрліктің Ашық НҚА порталында жариялаған құжат жобасынан белгілі болды. 

Қандас мәртебесін беру туралы өтінішті Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі арқылы, «Құтты мекен» АЖ мобильдік қосымшасы не «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы береді, - делінген өзгертулер жобасында. 

Сондай-ақ өтініш иесінің құқық бұзушылықтар жасағаны не жасамағаны және экстремистік, террористік ұйымдарға мүшелігі туралы ақпаратты тексеру уақыты 20-дан 10 тәулікке қысқарады. Ал комиссия өтінішті 5 тәулік ішінде (қазіргі қолданыстағы ереже бойынша – 10 тәулік) қарайды. 

Бұл Ішкі істер органдары мен ұлттық қауіпсіздік органдарының аумақтық бөлімшелерінде жұқа клиентке «Қандас» ААЖ орнату арқылы электрондық форматта верификацияны енгізумен және тиісінше комиссияда этникалық қазақтардың ұсынылған материалдарын қарау мерзімдерін қысқартумен байланысты, - делінген министрліктің түсіндірме жазбасында.