Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты жөнінде журналистердің сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
“Шынында да, жан түршгерлік оқиға”
– Бишімбаевтың әулеті осал емес. Сол себепті жауапкершіліктен сытылып кетпей ме? Оған әділ жаза береді деп ойлайсыз ба? – деп сұрады алдымен журналистер мәжіліс төрағасынан.
Бұл сұраққа жауап берген Ерлан Қошанов қазір сот процесі жүріп жатқандықтан, оған ешбір азамат, депутат, журналист, басқа да лауазымды қызметтегілер араласа алмайтынын айтады.
– Екіншіден, бұл іс үлкен резонанс туғызды. Шынында да, жантүршігерлік оқиға. Қоғамның ерекше бақылауында. Президент осы оқиға бойынша тергеу жұмыстарын дұрыс жүргізу жағынан тапсырмаларын берді. Өз бақылауында ұстап отыр. Қоғамдық бақылау бар кезде ешқандай бұрмалау болады деп ойламаймын. Сот шешім шығаруда дербес. Сондықтан, әділ үкім шығаратынына біз сенеміз, – дейді ол.
Журналистерді сот залына кіргізбеу жайлы
Тілшілер мәжіліс төрағасынан сонымен қатар, не себепті журналистерді сот залына кіргізбегенін, бұл олардың құқығын таптау деп есептейсіз бе деп сұрақ қойды. Ерлан Қошанов сот мейлінше, ашық жүргізіліп жатқанын айтады.
– Мен де сіздер сияқты ақпарат құралдары арқылы көріп отырмын. Тікелей эфирден көріп отырсыздар. Тағы да қайталап айтам, сот үкім шығаруда да немесе қандай форматта сот процесін жүргізуде дербес шешім қабылдайды. Онлайн режимде бүкіл ашық ақпарат беріліп жатыр. Зал шағын. Ол аудандық сот. Сондықтан бұл жерде залдың да, аудандық соттың да мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан, мәселе осыдан туындап отыр деп ойлаймын, – деді Ерлан Қошанов.
Алдын ала тыңдау
Еске сала кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау 11 наурызда басталды. Прокурор экс-министр ісінің мән-жайын айтып берді.
Ал Бишімбаев тағылған айыпты мойындамай, ашық сот өткізуді сұрайды. Оған "қинау" (110-баптың 2-бөлігі) және "аса қатігездікпен адам өлтіру" (99-баптың 2-бөлігі) баптарымен айып тағылған. Бұған қоса, Астанадағы "Гастро-орталық" директоры, Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов Салтанат Нүкенованың өліміне байланысты іс бойынша "қылмысты жасырды" деген күдікпен сотқа тартылып жатыр.
12 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала тыңдау жалғасты. Бұл жолы да журналистер сот залына кіре алған жоқ. БАҚ тарапының базынасын сот қызметкерлері тыңдаған болғанымен, ешбір журналист сот залына кіре алмады. Тіпті тілшілер полиция шақырып, сот әкімшілігі ақпарат алу құқығынан айырып отырғаны жөнінде арыз жазуына тура келді.