Қазақстан ажырасу көрсеткіші бойынша әлемде 2-орында тұр: ҰСБ мәлімдеме жасады

Қалижан Бектемір

Ұлттық статистика бюросы Қазақстан ажырасу бойынша әлемде екінші орында тұрғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Ажырасу коэффициенті 4.6 тең Қазақстан Мальдив аралдарынан кейін екінші орында тұрғаны туралы ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Бұл жалған деректің негізгі көзі worldpopulationreview.com сайтындағы мақала болған, - делінген хабарламада.

Бюро дерегінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша елімізде ажырасу коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,27 болған.

2020, 2021 жылдармен салыстырғанда коэффициенттің төмендеуі байқалады – тиісінше 2,56 және 2,54. 2023 жылдың қорытынды деректері алдағы сәуір айында жарияланады, - делінген хабарламада.

Бюро мақала авторларына әлемдік ресурста қате берілген деректер бойынша хат жолдағандарын айтты.

Сондай-ақ Бюро ресми дереккөздерге сілтеме жасауды және таратылатын деректерді алдын ала тексеріп отыруды ескертеді.

Еске салсақ, Қазақстан ерлі-зайыптылардың ажырасуы бойынша көш бастағанын, көрсеткіш жыл басында 1000 адамға шаққанда 4,6-ны құрағанын Ranking.kz сайтына сілтеме жасап жариялаған болатынбыз.