«Қазақ тілін білмеген адамға ренжу дұрыс емес»: әнші Молданазар тілге қатысты ұстанымын айтты

Ulysmedia

Танымал әнші Ғалымжан Молданазар Dope soz подкастына берген сұхбатында қазақ тіліне қатысты пікірін білдіріп, қазақша білмегендерге ұрысудың қажеті жоқ екенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж: Ulysmedia

– Меніңше, тіл - әрдайым құрал. Орысшада кейде акцент болып қалады. Бірақ мен бұған ұялмаймын. Өйткені шет тілінде сөйлеп тұрмын. Дұрыс сөйлей алмасаң, кешірімді. Мен ауылдың баласымын, шет тілінде қисық сөйлеп жатқаным кешірімді...

Ешкімді тіл білмейсің деп қатты сынамаймын. Тарихқа көзді жұма салмайсың ғой. Қазақ тілін білмейді деп ұрыса беруді қажеті жоқ. Ауылда туғандар, әрине, мен сияқты қазақша жақсы түсінеді. Ауылда орысша білмейтін бір-екі орыс болған. Кейде адам алды-артына қарамай сөйлей береді. Бәрі оңай секілді бетке басып сөйлей береді. Қалада өскен адам... Бәрі орысша болды ғой. Тарихты сызып тастай алмайсың. Сондықтан адам сын айтар алдында ойлануы керек деп ойлаймын, - дейді ол.

Әншінің айтуынша, тілді үйрету үшін алдымен ынтаны ояту қажет.

– Мен күнде жұмыста айналамдағы адамдармен орысша сөйлесемін. Қазақша сөйлесетін адам жоқ. Кейде орысша ойланам ба деп шошып кетемін. Егер күнде айналаңдағы адамдармен орысша сөйлесе берсең, миың да солай ойлана бастайды екен. Ең бастысы, жаныңды сол тілде сөйлесетін адам болса, күнделікті тәжірибе ғой. Біздің ел нендей жолдардан өткенін білемін, сол себепті қазақша білмеген адамға ренжу дұрыс емес деп ойлаймын. Ынтаны ояту бөлек нәрсе. Көп адам жазады маған. Мақтанғаным емес. «Сенің арқаңда қазақ тілін үйрендім» деп жатады. Бірақ айтуға ұяламын. Бізде тәрбие сондай болды. Америкалықтар «мен мынандай жетістікке жеттім, мен мынаны істедім» деп айтып жатады. Мұны көрген адам сондай жетістікке жеткісі келеді. Дұрыс, көрсету керек. Ал бізде керісінше, ұяламыз… Десе де қуанам. Айналамдағы адамдар «Ғалым, сенің арқаңда қазақша сөйлеп кеттім» деп айтып жатады, - дейді Ғалымжан Молданазар.

Оқи отырыңыз: «Ана тілдеріңді үйреніңдер!»: Якут стендапері орыстілді қазақтарға ақыл айтты