Мысырға ұшқан ұшақ дау-дамайдың кесірінен Ақтауға қонды

Ulysmedia

Нұр-Сұлтан - Шарм-эль-Шейх рейсі Ақтау әуежайына қонды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.

Фото: ашық дереккөз

Zakon.kz-ның мәліметінше,  ұшақтың Ақтау әуежайына қонуға борттағы жолаушылардың бірінің әрекеті себеп болған. Ішімдік ішкен астананың 59 жастағы тұрғыны әуе кемесінде тәртіп бұзған.

«Жолаушы өзін агрессиялы күйде ұстап, борт жолсерігінің ескертуін тыңдамаған», - дейді Көліктегі полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Қалижан Қобландин.

Оның айтуынша, Ақтау қаласында тәртіп бұзған әйел жоғарыда аталған әуе кемесі командирінің актісімен желілік полиция бөлімінің қызметкерлеріне тапсырылды.

«Көлік полицейлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің «Алкогольді ішімдіктерді ішу немесе мас күйінде қоғамдық орындарға шығу»  және «Әуе кемесіндегі мінез-құлық ережелерін бұзу» баптары бойынша әкімшілік хаттама толтырды», - дейді Қалижан Қобландин.