Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Татьяна Савельеваның Қорғаныс министрінің орынбасары қызметіне тағайындалуын «сауатты шешім» деп бағалады. Оның айтуынша, Қорғаныс министрлігінде бұған дейін де жемқорлыққа қатысты даулар жиі болған, сондықтан ведомствоға қаржы мәселесін жақсы білетін маман қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев Савельева Құрылтай депутатының өкілетін тоқтатқан күні-ақ оны жаңа қызметке тағайындау туралы өкімге қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
– Қорғаныс министрлігі, өкінішке қарай, жемқорлыққа қатысты даулармен жиі көзге түсті. Кей жылдары сатып алу, кадр және материалдық қамтамасыз ету мәселелеріне байланысты бірнеше генералдың қатарынан қамауға алынған кездері болды, – деп жазды Әшімбаев.
Саясаттанушының айтуынша, Каспийдегі қайғылы оқиға әскердегі бірқатар жүйелі мәселені ашып көрсетті. Осыдан кейін бірқатар жоғары лауазымды әскери қызметші қызметінен кетіп, кейбірі қамауға алынды. Президент Қорғаныс министрі мен Бас штаб бастығы қызметтеріне Мемлекеттік күзет қызметінің Арнайы мақсаттағы күштерінен офицерлерді тағайындады. Әшімбаев бұл шешімнің де назар аударарлық екенін атап өтті.
– Мұндай жағдайда Татьяна Савельева сияқты тәжірибелі әрі принципшіл қаржыгерді осы бағытқа жіберу – дұрыс шешім, – деп санайды саясаттанушы.
Әшімбаев экономика және қаржы мәселелеріне жауап беретін Қорғаныс министрінің азаматтық орынбасары лауазымы 1999 жылы енгізілгенін еске салды. Оның айтуынша, бұған дейін де билік қаржы мәселелерін ретке келтіру үшін министрлікке азаматтық басқару саласының мамандарын тағайындап отырған.
Савельева кім?
Татьяна Савельева 50 жаста, білімі бойынша экономист. Еңбек жолының басым бөлігін бюджет және қаржы саласына қатысты мемлекеттік органдарда өткізген. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде, кейін Қаржы министрлігінде қызмет атқарды.
2016 жылы Савельева қаржы вице-министрі болып тағайындалып, бұл қызметті 2023 жылдың наурызына дейін атқарды. Кейін парламентке ауысып, біраз уақыттан соң Қаржы және бюджет комитетін басқарды.
Савельеваның тағайындалуы Қорғаныс министрлігінде жүргізіліп жатқан ауқымды тексеріс аясында жүзеге асып отыр. Бір күн бұрын президентке тексерістің алғашқы нәтижелері таныстырылды.
Тексерудің бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша құқық қорғау органдары мемлекеттік мүлікті жымқыру, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және басқа да заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғаған.
Сонымен қатар әскери бөлімдерде жарғылық емес қарым-қатынас және әскери қызметшілерге күш көрсету фактілері анықталған.
– Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиғалар Қарулы күштерде қордаланған жүйелі мәселелерді анықтады, – деп хабарлаған Ақорда.
Тоқаев тексеру нәтижелерін армияны реформалау жоспарын әзірлеу кезінде ескеруді тапсырды. Өзгерістер тек әскери техниканың жабдықталуын емес, әскери тәртіп пен қызметшілердің қауіпсіздігін де қамтуға тиіс.
Қайғылы оқиғадан кейін ауыс-түйіс пен қамау
Қорғаныс министрлігіндегі тексеріс Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуынан кейін басталды. Қайғылы оқиғадан кейін Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов қызметінен босатылды. Бұдан соң тағы бірнеше жоғары лауазымды әскери қызметші қызметінен алынды.
Сонымен қатар Қазақстан Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты іс бойынша ұсталды. Оған қызметіне салғырт қарады деген күдік келтіріліп айып тағылып отыр. Сот оның қамауға алынуына санкция берді.