Құрылтай депутаттары денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға екі депутаттық сауал жолдады. Біріншісінде дәрігерлердің пациенттермен жұмыс істеуіне кедергі келтіріп, уақытын алатын медициналық ақпараттық жүйелердегі (МАЖ) мәселелер көтерілген. Екіншісінде бейінді мамандарға жазылу кезегінің ұзақ екені сөз болды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
IT жүйелері дәрігерлердің жұмысына кедергі келтіреді
Медициналық ақпараттық жүйелер (дәрігерлер қабылдау жүргізіп, құжаттарды толтыратын бағдарламалар) медицина қызметкерлерінің негізгі жұмыс құралына айналды. Алайда депутаттар бұл жүйелерде елеулі проблемалар бар екенін атап өтті.
Пациент туралы мәліметтер жүйенің әртүрлі бөлімдерінде орналасқан, бірыңғай анамнез жоқ. Сондықтан дәрігер ақпаратты қолмен іздеп, қайта енгізуге мәжбүр. Бұл оның пациентке көңіл бөлуіне бөлінетін уақытты қысқартады.
Жүйе істен шыққан немесе интернет болмаған жағдайда медициналық көмек көрсету де қиындайды. Әсіресе, шалғай ауылдар мен смартфоны жоқ егде жастағы адамдар зардап шегеді.
Тағы бір мәселе – жүйе дәрігердің нақты жұмысын ескермейді. Мысалы, пациент қабылдауға келмесе немесе байланысқа шықпаса, бұл дәрігердің көрсеткіштеріне кесірін тигізеді. Ал дәрігер өз тарапынан барлық қажетті жұмысты атқарған.
Депутаттар Денсаулық сақтау министрлігіне бірыңғай анамнезді автоматты түрде қалыптастыру мүмкіндігін қарастыруды, жүйе істен шыққан жағдайда жұмыс істеудің резервтік тәртібін енгізуді және дәрігерлердің жүктемесін есептеу жүйесін қайта қарауды ұсынды. Сондай-ақ өзгерістерді енгізудің нақты мерзімдерін сұрады.
Маман қабылдауын айлап күтеді
Екінші депутаттық сауал бейінді мамандарға кезектің ұзақтығына қатысты. 2026 жылдың алғашқы жартысында осы мәселеге байланысты 2 925 шағым түскен. Шағымдардың ең көбі Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласынан тіркелген.
Депутаттар қолданыстағы нормативтер арасында қайшылық бар екенін анықтады. Медициналық сақтандыру қорының мониторинг жүргізу қағидаларында күту мерзімі 10 күн деп көрсетілген. Қордың түсіндірмесінде бұл мерзім 15 жұмыс күні деп көрсетілсе, ал Денсаулық сақтау министрлігінің тиісті бұйрығында шекті мерзім мүлде белгіленбеген.
Осының салдарынан медициналық ұйымдар пациенттерге қабылдауға бір ай немесе одан да ұзақ мерзімге талон бере алады.
Сонымен қатар депутаттар диспансерлік есепте тұрған пациенттерге, яғни созылмалы ауруларға байланысты тұрақты бақылаудағы азаматтарға, бейінді маманға тікелей жазылу мүмкіндігі тек мобильді қосымшалар арқылы берілетінін атап өтті. Бұл егде жастағы адамдар мен ауыл тұрғындары үшін қосымша кедергі туғызады.
Депутаттар жоспарлы медициналық көмек көрсету үшін бірыңғай шекті күту мерзімін бекітуді, мерзімдердің сақталуын автоматты түрде бақылауды және мамандарға жазылу арналарын кеңейтуді ұсынды. Оның ішінде колл-орталықтар мен емханалардың тіркеу бөлімдері арқылы жазылу мүмкіндігін қарастыруды сұрады.