Әйтенов басқа әкімдерден Lexus 570 көлігімен ерекшеленді

Аян Өрібай

«Әкімге үш сұрақ» айдары бойынша сауалдарымызға бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов жауап береді. Ulysmedia.kz порталына берген жауабында мегаполис әкімі БАҚ-қа ашық екенін айтып, қызметтік көлігі қандай екенін де жасырмапты.

Коллаж: ulysmedia.kz

«13 РЕТ ТІКЕЛЕЙ ЭФИРГЕ ШЫҚТЫМ»

Мұрат Әйтенов 2021 жылдың басынан бері жыл басынан бері республикалық телеарналарда 4 рет, «Хабар-24» телеарнасында 2 рет, «Qazaqstan» және «Atameken Business» телеарналарында 1 реттен сұқбат бергенін айтады. Бұдан бөлек жергілікті «Оңтүстік» телеарнасының «Әкім сағаты» бағдарламасында 2 рет, «Отырар» телеарнасында 1 рет сұқбаты болған.

«Сонымен қатар Instagram әлеуметтік желісі арқылы жыл басынан бері 13 рет тікелей эфир арқылы сұқбаты ұйымдастырылып, қаралым саны 108 419 адамды құрады», - дейді Мұрат Әйтеновтің атынан жолданған жауапта.

КӨЛІГІ МЕН АЙЛЫҒЫ ЖАЙЛЫ

Шымкент қаласы әкімінің қызметтік көлігі – 2011 жылы шығарылған Lexus LX570 екен.

«Мемлекеттік қызметі туралы заңға және Үкімет қаулысына сәйкес қала әкімінің жалақысы 946 мың теңге. Сондай-ақ Президент Жарлығымен 2021 жылдан бастап мемқызметшілердің жалақысы 1,9 есеге өсіп, қазіргі уақыттағы жалақы көлемі шамамен 1 935,0 мың теңгені құрайды», - делінген жауапта.

Мұрат Әйтенов айлығын, ұялы телефоны мен көлігі жайлы ақпаратты жасырмаған әкімдердің бірі болып отыр. Бұл қатарда Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықова, Павлодар облысының басшысы Әбілқайыр Сқақов пен Ақтөбе облысының басшысы Оңдасын Оразалин, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек (материал шыққаннан кейін айлыққа қатысты ақпаратқа түзету енгізген), Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов бар. Әзірге айлығын айтқысы келмеген әкімдердің қатарында Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тұр.