Өз өмірін қатерге тігіп, мас жүргізушіні тоқтатпақ болған, осылайша ауыр жүк көлігінің кабинасына секіріп мінген полиция қызметкері қазір ауруханада жатыр хабарлайды Ulysmedia.kz.
Оқиғаның мән-жайына тоқталсақ, 2 желтоқсан күні сағат 14.00-де Қошқарбаев көшесінде Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаменті мамандандырылған патрульдік полиция батальонының аға инспекторы Архат Рақышев жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзып, апатты жағдай туғызған Howo автокөлігін байқаған. Содан ол көп тонналы, бетон құйылған автомобиль жүргізушісінің жағдайы күмәнді екенін түсініп, дереу көлікті тоқтату туралы шешім қабылдайды.
«Радиостанция арқылы ол орналасқан жерін көрсетіп, көмек сұрады. Содан кейін полицей жүргізуші қарсылық көрсеткен ауыр жүк салонына секіріп мінді. Соның салдарынан қызметкер көлік жолына құлап кетті. Полицейлер автокөлікке тосқауыл қойып, жүргізуші ұсталды. Жүргізушіден алкогольдің қатты иісі шықты», – деп баяндайды Архаттың әріптестері.
Куәландыру нәтижелері бойынша тәртіп бұзушы ауырлығы орташа дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болғаны айқындалған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау абақтысына қамалды. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылды.
29 жастағы полиция капитаны Архат Рақышев ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қазір дәрігерлер полицейдің өмірі үшін күресуде. Ол ішкі істер органдарында 2015 жылдан бері қызмет етіп келеді.