«Дауыл салдарынан басына шатыр құлаған». Әскерде қаза тапқан сарбаздың туыстары бұған сенбейді

Қалижан Бектемір

Екі жыл бұрын Алматы облысында Ұлттық ұланның мерзімді әскери қызметшісі қаза тапқан. Ресми нұсқа бойынша әскери қызметкер дауыл салдарынан басына шатырдың темір жақтауы тиіп жарақат алып, ауруханаға жеткізілгенде қаза болған. Марқұмның туыстары мұнымен келіспейді. Сарбазды ұрып өлтірген деп санайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Коллаж Ulysmedia

ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС 4 РЕТ ЖАБЫЛҒАН

Ұлымыз әскерде шатыр құлағаннан қайтыс болды деп айтады. Бастапқыда олар мұнысын жасай алды да. Біз қайғыдан қан жұтып, күресетіндей мұршамыз болмай отырғанда  Алмасты жеделдедітп  жерлеп тастады.

Мәйітті жуған кезде ағам қазір жерлеуге болмайтынын, тағы бір сараптама жасау керек екенін айтқан. Ол Алмасты ұрып-соққаны, оған темекі сөндіргені анық, ол қатігез зорлықтан өлген деді. Біз ауыр қайғы үстінде болып, ұлымызды ақыры жерледік.

Бірақ артынша істі жылы жапқысы келетіні түсіндік. Бізде ешқандай дәлел мен куә жоқ деген желеумен іс 4 рет жабылды. 2023 жылдың 8 желтоқсанында ұлымыз қайтыс болғаннан кейін 1,5 жыл өткен соң Алмастың денесін эксгумациялап, мемлекеттік сараптама жүргіздік, бірақ біз тәуелсіз сарапшы жалдадық. Ол ұлымыз кешкі сағат 7-де қайтыс болғанын анықтады. Ал дауыл кешкі 9-да болған, – дейді олар марқұмның ата-анасы.

«ҚАЙДАҒЫ ДАУЫЛ?!»

Сондай-ақ марқұмның Instagram-парақшасындағы жазбаға қарағанда, мәйітке сараптама жасаған адам марқұмның денесінде пышақ жарақаты болғанын, денесі көкала қойдай екенін айтқан.  

Сарапшы пышақ жарақатын растады және бұл шатырдан болған өлім екенін жоққа шығарды. Алғашқы сараптамада сарапшы бізге бұл қылмыс екенін, Алмасты ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып, денесінде түрлі көгерген іздер барын, бірнеше күн бойы ұрғанын айтты.

Содан кейін ол: «қайдағы дауыл?! Оның таяқ жегені, бұл қылмыс екені анық!» – деді. Ол сондай-ақ Алмасты тепкілегенін, белдіктің іздері бар екенін, оны белбеумен ұрғанын, соққылардың көптеген ізі барын айтты. Біздің ұлымыз шатырдың соққысынан қайтыс болды дегенге сенесіз бе? Бізге жазасыз қалатынына  сенімді, заң күші бар адамдар бүлк етпей өтірік айтуда. Бізге әділеттілікке жетуге көмектесіңіздер. Бізге адвокаттар керек, –  делінген жазбада.

ҰЛТТЫҚ ҰЛАННЫҢ УӘЖІ

2022 жылы Алматы облысында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшісі қаза болғаны хабарланған болатын.

9 тамызда қатты дауыл көтеріліп, жел салдарынан сарбаздар орналасқан шатыр қалашығы бүліне бастаған.

Қатардағы А.Н. Шахимов әріптестерінің қауіпсіз орынға шығуына көмектесіп жүріп, басына шатырдың темір жақтауы тиіп жарақат алды. Ол ауруханаға жеткізілгенде қаза болды, – деп мәлімдеген Ұлттық ұлан.

Сондай-ақ Ұлттық ұлан әскери қызметші қаза тапты делінген жерден суреттер мен видеолар жариялаған.

АРМИЯДАҒЫ ӨЛІМ

Кейінгі жылдары «армияда көз жұмды» деген бір сарбаздың топырағы суымай жатып, екіншісі жан тапсырып жатыр. Қорғаныс министрінің орынбасары – генерал-майор Бақытбек Сыдықов қарулы күштерде соңғы төрт жылда 40 әскери қызметкер өзіне қол салғанын хабарлаған. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болғанын айтқан.

ӘСКЕРДЕГІ БУЛЛИНГ

Әскери саланы зерттеп жүрген журналист Амангелді Құрмет әскердегі, қала берді қоғамдағы буллинг қоғамның мәдени, құқықтық санасының көрінісі десе, әлеуметтік теория зерттеушісі Ғалым Жүсіпбек бүгінгі қазақ қоғамындағы зорлық, әлімжеттік, адам тұлғасын қастерлемеу сынды теріс әрекеттердің себебі тоталитар жүйемен тығыз байланысты екенін айтады.