«Дәулеттен» мен Айнұр Тұрсынбаева Гамбияда құдық орнатты

Ulysmedia

Dauletten мен «Айдың нұры» қайырымдылық қоры бірлесіп Африкада судан тапшылық көрген тұрғындарға арнап құдық орнатып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Фото: Dauletten қоры

Бұл туралы «Dauletten қайырымдылық қоры» ЖҚ қамқоршылық кеңесінің төрағасы Дәулет Төлеутайұлы әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның айтуынша, суды есепсіз ысырап ету ауыз су тапшылығына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ құдықты орнатуға да көп қаржы жұмсалмаған.

«Африкадағы Гамбия еліндегі мұсылман бауырларға біздің қордан ішетін су. Су - тіршілік көзі. Біздің елде қаншама жан суды ысырап етеді. Кранды жаппайды, шелектеп төгеді. Ал мына бір қуанышқа себепкер болу ерекше сезім. Себебі оларға керегі ішетін ауыз су. Бұл біздің қордың, сіз бен біздің әлемді құтқаруға қосқан кішкене болсын үлесіміз. Ойлаңыздаршы, тек Африкада 235 миллион адам судың жоғынан өліп кету қатерінде тұр. Соның ішінде тең жартысы балалар. Ағзамыздың өзі 80% судан тұрады. Осындай керемет іске қолқа болған @aidyn_nury -на рақмет. Себебі Айнұр ханымға Африкадан көмек сұрап хат жазғандар болды. Айнұр ханым бастады, @dauletten_qory басшылығы қостады. Жақсылық жасап жарысайық! Ең бір қызығы бұндай құдыққа миллиондап ақша кетпейді. Анау мынауымен 1000$ ғана жеткілікті. Есесіне қаншама жанның қуанышына сеп болдық», – деп жазды ол.

Гамбия – Африкадағы ең кішкентай мемлекет, континенттің батыс бөлігінде аттас өзеннің алабында орналасқан. Африкадағы жаһандық мәселелердің бірі – ауыз судың жетіспеушілігі. Осы себепті жұқпалы аурулардың 80%-ы үшінші әлем елдерінің үлесіне тиеді.