Әлеуметтік желіде "Тарих ағай" атымен танымал тарихшы Нұрғожа Ерсайын қазақтар қаладан бір уақыт алшақтап, табиғатқа жақын болуы керек деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Нұрғожа Ерсайын жақында берген сұхбаттарының бірінде қазіргі қазақтарға отырықшы болу қиынға түсіп жатқанын, отырықшылығы ұлттық болмысына әсер етіп жатқанын айтады. Мысалы, ол бүркітті әкеліп, үйге шығармай қойсаңыз, өкпесіне саңырауқұлақ өсіп өліп қалады дейді. Тазыны да үйге әкеліп, жүгіртпей қойсаңыз, аяқ-қолы қисайып, жүре алмай қалатынын айтады.
Сол сияқты қазақтар қаланың ішінде қамалып отырса денсаулығы, ойлау қабілеті нашарлайды. Деградация болады. Ал біз ұлт ретінде дамып, арамызда мықты спортшылар шықсын десек, бізге табиғатқа жақынырақ болып, көбірек саяхаттау керек. Қазақстанда кемпиң бүкіл әлемде бірінші болуы керек. Себебі біздің қанымызда бар. Меніңше, кез келген ер адам біздің елде аңшы, кемі балықшы болуы керек. Палаткада бір уақыт тұрса тестостерон да өседі. Тестостерон көп болса миы жақсы жұмыс істеп, денсаулығы жақсы болады. Өзін дұрыс ұстайды. Ерлердің бассыздығы сол кезде азаяды. Ол біздің көшпенді болмысымызды қайта жаңғырту керек. Менің әжем де киіз үйде тұрған. Біз кеше ғана керек болса тас қораптарға (үйлер) көштік. Ол бізге жараспайды. Бізді құртатын нәрсе сол деп ойлаймын, – дейді ол.
«Тарих ағай» атанған Нұрқожа Ерсайын қазақ тілінде тарихи контент жасап, әлеуметтік желілерде кеңінен танымал болған. Ол Instagram мен тикток желісінде қазақ халқының тарихы мен мәдениетін насихаттайтын қысқа әрі мазмұнды видеоларымен танымал. Мысалы, ол қазақтардың XV ғасырда пайда болды деген пікірге қарсы пікір білдіріп, тарихи шындықты түсіндіреді. Нұрқожа Ерсайынның видеолары тарихи деректерге негізделіп, көрермендерге қызықты әрі түсінікті түрде жеткізіледі. Ол қазақ халқының тарихын, мәдениетін және ұлттық құндылықтарын кеңінен насихаттауға бағытталған.