Instagram арқылы алдап, жұрттың ақшасын қалтасына басқан алаяқ ұсталды

Сымбат Сатыбалдина
Фото: iz.ru

Астанада интернет арқылы алаяқтық жасады деген күдікпен 41 жастағы әйел ұсталды. Ол Instagram желісінде адамдарды жалған онлайн-дүкен арқылы алдап келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тергеу мәліметіне сәйкес, күдікті Instagram желісінде жалған парақша ашып, әртүрлі тұсқағаздардың суреттерін жариялап отырған. Ол арнайы жеңілдіктер ұсынып, сатып алушылардың сеніміне кірген.

Күдікті тапсырыс берушілермен мессенджер арқылы хабарласып, алдын ала төлемді мобильді аударым арқылы қабылдап отырған. Алайда ақша алған соң, тапсырысты орындамаған және тауар жіберілетінін айтып, адамдарды әрі қарай алдауды жалғастырған.

ЗАЛАЛ

Жәбірленушілердің бірі күдіктінің банк картасына 100 мың теңгеден астам қаржы аударған, алайда тауар да, ақша да қайтарылмаған.

Қазіргі таңда әйел кінәсін мойындады. Бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полиция мәліметінше, келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 5 миллион теңге.