«Қазақтелеком» акционерлік қоғамы 1 244 500 000 теңгеге «ақпараттық және имидждік шараларға арналған» тендер жариялады, деп жазады Ulysmedia.kz.
12 қаңтар күні «Қазақтелеком» әртүрлі сомаларға бір-біріне ұқсас екі лот жариялады. Компания «ақпараттық және имидждік сүйемелдеу қызметтері» үшін оның біреуіне 955 млн теңге, кейінгісіне 289 500 000 тенге ұсынған.
Қызметтердің атқарылу мерзімі – 2022 жылдың қаңтары мен желтоқсан аралығы. Ұсыныстар 31 қаңтарға дейін қабылданады.
Өткен жылы «Қазақтелекомның» 3 920 000 теңгелік тендерін «CLOVER MEDIA GROUP» ЖШС ұтып алған болатын. Келісімшарт 2021 жылдың мамыр-желтоқсан айларына жасалған. Бір қызығы, «CLOVER MEDIA GROUP» ЖШС-ның қызметі концерттік және театралдық залдармен байланысты. «Қазақтелеком» одан қызметті «бір көзден тікелей келісім шарт жасасу» әдісі арқылы сатып алған.
Сонымен қатар, «Қазақтелеком» өткен жылы 945 млн теңгеге келесі қызметтерді ұсына алатын жеткізуші компания іздеген: іздеу жарнамасы, видеожарнама, медиажарнама мамандары, Google, Яндекс.Директ, Яндекс.Метрика, Facebook Certified Buying Professional жүйелерімен жұмыс істей алатын мамандар; «Одноклассники» желісінде топтар мен парақшаларды жүргізе алатын мамандар, халықаралық көрмелерде, форум немесе конгресстерде жұмыс тәжірибесі бар мамандар, сонымен қатар жарнамадағы графикалық дизайн мамандығы бойынша жоғары білімі бар дизайнер, PHP (Hypertext Preprocessor) Developer и Advanced Ruby Developer бағдарламаларының сертификатталған маманы, медиажоспар бойынша магистрлік дәрежесі бар маман, MBA дәрежесі бар жобалық команда жетекшісі, шетелдік университеттің бакалавр дәрежесін алған менеджмент немесе маркетинг маманы, магистратура бітірген журналист, Youtube каналды дамыту, видео жасау, әлеуметтік желідегі жарнаманы тиімді басқару, медиажоспарлау бойынша курс өткен SMM маманы; мемлекеттік ұйымдардан Алғыс хат/сертификат алған, әлеуметтік желілерге, БАҚ-қа негативті реакциялар, іздеу сұраныстары бойынша мониторинг жасаудың автоматтандырылған жүйесін оқығаны жайлы сертификаты бар, маркетингтің зерттеу нарығында тәжірибесі бар, отандық немесе халықаралық зерттеу қауымдастықтарына мүшелікке кірген маман.
Еске түсіретін бір жайт, 2013 жылы «Қазақтелеком» Елорданың шетіндегі Қосшы және Ильинка шағын аудандарын интернетпен қамтитындығын айтқан. Алайда 2022 жылы да аталған елді мекендерге интернет барған жоқ. Ресми сұраныс жіберсе, ұлттық оператор 50 метр қашықтыққа жекеменшік компаниялар арқылы интернет қойып беруге 500 мың теңге сұрайды.
2021 жылдың 1 қазанындағы ақпаратқа сәйкес, «Қазақтелеком» АҚ-ның 45,9% акциясы «Самұрық-Қазына» Қорына тиесілі.