"Мектепте жарылыс болады" деген балалар ұсталды

Сырым Қаржас
Фото: polisia.kz

Полиция мектептерге «бомба қойылды» деген екі жалған хабарламаны анықтады. Екі хабарлама да бір күнде келген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Бірінші жағдай Петропавл қаласында тіркелген. 112 нөміріне қала мектептерінің біріне бомба қойылғаны туралы анонимді қоңырау түскен. Оқиға орнына бірден полиция қызметкерлері, кинологтар және жарылыс техниктері жіберілді. Тексеру нәтижесінде ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.

Кейін күдікті анықталды, ол психоневрологиялық диспансерде есепте тұрған 9-сынып оқушысы болып шыққан.

Екінші оқиға Алматы облысының Қаскелең қаласында болған. Мұнда да мектепке жарылғыш зат қойылғаны туралы ұқсас хабарлама келіп түскен. Тексеру кезінде ақпараттың жалған екені анықталды.

Көп ұзамай полиция қоңырау шалған 16 жастағы жасөспірімді ұстады.

ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ

Екі дерек бойынша да қылмыстық іс қозғалды. Ведомство өкілдері мұндай жалған хабарламалар төтенше қызметтердің назарын нақты оқиғалардан бұрып, қоғамға қауіп төндіретінін атап өтті.