Аймағамбетов әлеуметтік желіге кіруге жас шектеуін енгізуді ұсынды

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Депутат Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желіге кіруге жас шектеуін енгізу мәселесін көтерді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Депутат қазіргі уақытта балалардың көріп жүрген контентін ата-аналары бақыламайтынын айтады. 

- Кішкентай ұлыммен серуендеп жүріп байқағаным – ауланың балаларының көбінің қолында смартфон бар. Олардың TikTok, YouTube пен Instagram-нан көріп жүрген контенттерін ата-аналары көбінесе бақылай алмайды, қажет сүзгіден де өтпейді. Яғни, 4–5–6 жастағы балалардың қолына сіріңкеден де қауіпті құрылғы деп айтуға болады, – дейді депутат. 

Оның сөзінше, қазір ашық қолжетімділікпен әлеуметтік желілерде зорлық-зомбылық, кибербуллинг сияқты мазмұндағы ақпарат көп. Бұл қалыптасу үстіндегі бала психикасына тікелей әсер ететін фактор.

- Әлеуметтік желілердің алгоритмдері балаларды экранға байлап қою үшін арнайы жасалған. Бұл – балалардың қалтасында жүрген цифрлық ойын автоматы іспетті. Зерттеулер гаджеттерді шамадан тыс қолдану зейінді шоғырландыруды қиындататынын, ұйқы режимін бұзатынын, мазасыздық пен агрессияны арттырып, тіпті суицидке дейін апаруы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Бұл тақырыпта Джонатан Хайдтың The Anxious Generation кітабын оқуға кеңес беремін, – дейді Аймағамбетов. 

Депутат шет елдердегі жағдайды айтты. 

- Иә, бұл тек біздің елге тән мәселе емес. Мысалы, Қытайда балаларға арналған қосымшаларға уақыт шектеуі қойылып, тек білім беретін контент ұсынылады. Көптеген елдерде де заңнамалық реттеу жүріп жатыр. Бұл – тыйым емес, саналы әрі жауапты тәсіл. Ал бізде – шексіз «бостандық», оны ешкім нақты реттемейді, – дейді ол. 

Аймағамбетов смартфонды қолдануға қатысты жүйелі шешімдер керегін айтады. 

- Мүмкін, заңнамалық реттеу туралы ашық диалогты бастайтын уақыт келген шығар? Әлеуметтік желілерге тіркелу үшін жас шектеуі керек пе, жоқ па (10–12–14 жас)? Балалар ұстайтын телефондардағы контентке автоматты фильтрлер қажет пе, жоқ па? Әрине, мәселе тек тыйым арқылы шешілмейді. Мұнда білім беру, балалармен ашық сөйлесу, цифрлық гигиенаны түсіндіру, сыни ойлау қабілетін дамыту аса маңызды, – дейді депутат.

Депутат тек шектеу емес, бірлескен шешімдер: фильтрлер, гаджеттерді бірге пайдалану, ағарту, ересектердің нақты назары және балама пайдалы белсенділіктер қажет екенін айтады.