Freedom Finance-тың шағымынан кейін ҚазТАГ басшысы полицияға шақырылды

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев полицияға шақырылды. Матаев және агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновке Freedom Finance компаниясының шағымы бойынша «жалған ақпарат тарату» бабымен айып тағылған, деп хабарлайды Ulysmedia.

«Іс бойынша өзінің «күдікті» деп танылғанын білмеген»

9 желтоқсанда Әсет Матаев адвокаты Рена Керімовамен бірге Алматы полиция департаментіне шақырылды. Матаевтың өзі Ulysmedia тілшісіне әзірге пікір бере алмайтынын айтты.

Ал Рена Керімова Ulysmedia-ға  Әсет Матаев тергеуге күдікті ретінде шақырылғанын айтты. Оның сөзінше, ол өзінің үстінен іс қозғалғанын және ол бойынша күдікті деп танылғанын осыған дейін білмеген.

«Әсет өзінің күдікті деп танылғанын, қандай да бір сараптама жасалғанын білмейді. Біз қазір кіргеннен кейін ғана қай уақыттан бері тергеу жүргенін білетін боламыз. Бірнеше айдан бері тергеу жүрген. Бірақ менің қорғауымдағы азамат оны енді ғана біліп отыр», – деді Рена Керімова.

Даулы материал мен Freedom Finance-тың шағымы

Адвокаттың айтуынша, 274-бап «жалған ақпарат тарату» бойынша қылмыстық істің қозғалуына Freedom Finance компаниясының шағымы себеп болған. Бұл бапты қазақстандық құқық қорғаушылар «саяси бап» деп атайды. Осы бап бойынша журналистер мен белсенділер үстінен жиі іс қозғалады.

«274-бап бойынша қылмыстық істі тіркеуді өтінген. ҚазТАГ жалған ақпарат таратыпты мыс. Мен кеше кешкісін осы мәселені зерттеумен айналыстым. Егер мәселе ҚазТАГ-тың You Tube арнасында жарияланған видеоға қатысты болса, онда ол жерде ешқандай жалған ақпарат тарату жоқ. Ол жерде адвокат факты бойынша айтады. Сол себепті мен түсінбеймін, ҚазТАГ пен менің қорғауымдағы азаматқа қандай сұрақтар болуы мүмкін», – деді адвокат.

ҚазТАГ агенттігі бұған дейін өзінің You Tube арнасында және сайтында Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше видео мен мақала жариялаған. Агенттік іске қатысты барлық ақпараттардың дереккөзі «адвокат Светлана Оралбаева мен зардап шеккендер Гүлмира Исаева, Жанна Қапарова және Карина Гайфулина болып табылады» дейді.

Freedom Finance компаниясы осы іске қатысты БАҚ-та тарап жатқан ақпараттарды дәлелсіз, бұрмаланған айыптаулар деп бағалап, «ұйымдастырылған PR шабуыл» деп атады.

«Компания басылымдардың біріне мақаланы алып тастау, ақпаратты жоққа шығаруды жариялау және жалған ақпаратты таратуды тоқтату туралы талаппен сотқа дейінгі шағым жіберді.«Фридом Финанс» АҚ журналист мамандығын және сөз бостандығы қағидаттарын құрметтейді, бірақ БАҚ-тан құқық, этика және факт-чекинг нормаларын сақтайды деп күтеді».

Freedom Finance компаниясын Ресейден шыққан, кейін Қазақстан азаматтығын алған миллиардер Тимур Турлов (Forbes журналы байлығын $5,8 млрд деп бағалаған) басқарады.

ҚазТАГ бұл істі Қазақстандағы алдағы сайлау қарсаңында қорқыту әрекеті деп санайды және бұл істің артында президент әкімшілігіндегі жоғары лауазымды қызметкерлердің, соның ішінде «Ескі Қазақстан» өкілдерінің болуы мүмкін деп санайды.