Алматы қаласының 19 жастағы тұрғыны Марк Василевский АҚШ-та бизнесін дамытып, жылдық айналымы 1 млн долларға жететін компанияны басқарып отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Марк веб-дизайнды мектепте оқып жүрген кезінде меңгерген. 18 жасында-ақ фриланс арқылы айына шамамен 3 мың доллар табыс таба бастаған, деп жазады digitalbusiness.kz.
Әлеуметтік желілердегі белсенділігі арқылы ол АҚШ-тағы тапсырыс берушілердің назарына ілініп, Кремний алқабындағы компаниялармен жұмыс істей бастаған. Уақыт өте келе тапсырыстар саны көбейіп, Марк жалғыз өзі үлгере алмай, агенттік ашуға шешім қабылдайды.
Қазір оның АҚШ-та тіркелген Skale агенттігінде 22 адам жұмыс істейді.
— 18 жасымда Алматыда тұрдым, шетелдік нарықпен онлайн жұмыс істедім: бір жағынан жалдамалы қызмет, бір жағынан фриланс, сонымен қатар сайт конструкторларына арналған шаблондар жасадым. АҚШ-тан клиенттер тым көп болған соң агенттік ашуға тура келді. Сол кезде танысым хабарласып, бірігіп жұмыс істеуді ұйғардық. Алғашында екеуіміз ғана істедік, кейін мамандарды жалдай бастадық. Осылайша Skale агенттігі пайда болды. Компанияны АҚШ-та тіркедік. Қазір жылдық айналымымыз 1 млн долларға жетті. Ай сайынғы орташа табыс — 80–90 мың доллар. Бұл әдетте 6–7 жобаның төлемі. Кейбір тапсырыстар бір реттік, ал кейбірі ай сайынғы жазылым түрінде, оның орташа бағасы шамамен 20 мың доллар, — дейді Марк.
Жас кәсіпкердің айтуынша, халықаралық нарықта жұмыс істеу үлкен жауапкершілік пен тәртіпті талап етеді. Соған қарамастан, ол Қазақстаннан шыққан жастардың да әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін дәлелдеуге болатынын көрсетіп отыр.