"Үнемдеуге тура келеді": Қымбатшылық алматылықтарға қалай әсер етіп жатыр?

Ulysmedia
ulysmedia.kz

Алматы базарларында жыл басынан бері азық-түлік бағалары біршама қымбаттады. Тұрғындар көкөніс өнімдері мен ет, балық алуды азайттық дейді. Ulysmedia тілшісі бүгін ел арасында «оптовка» аталып кеткен базарға барып, сатушы және тұрғындармен тілдесіп қайтты.

Розыбакиев пен Райымбек көшелерінің қиылысында орналасқан базарда бүгін адам көп деп айтуға келмейді. Сатушылар жыл басталғалы сауда аса көп емес дейді. Кейбірі мұны ораза айымен байланыстырады.

“Ет алмағаныма біраз болды”

Любовь есімді қала тұрғыны жыл басынан бері азық-түліктен үнемдеуге көштім дейді. Сөзінше, күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы айтарлықтай өскен.

«Қазір жұмыртқа тағы да қымбаттады. Сүтте қымбат. Ет алмағаныма біраз уақыт болды. Оның бағасын айта алмаймын да. Картоп, сәбіздің бағасы 30-40 теңгеге қымбаттады. Қырық қабаттың да бағасы өсті», – дейді ол.

“Бұрғынғайдай сауда жоқ”

Базар сатушылары бағалардың өсуі туралы сөйлесуге құлықсыз. Олар да тауарлардың қымбаттағанын айтады. Аты-жөнін атағысы келмеген сатушы әйел күнбағыс майы сияқты тауар түрлері былтырдан бастап қымбаттап кеткенін айтады. Ол «баға бір өссе қайтадан түспейді ғой» дейді.

Ал сабын, шампунь сияқты тауарлар сататын Асылбек жыл басынан бері тауарлардың бағасы 7-15 пайызға өсіп кетті дейді.

«Сауда деген соңғы уақытта түсіп кетті. Бұрынғыдай сауда жоқ. Қымбатшылық. Айлық көтерілген жоқ. Бірақ қымбатшылық болып кетті. Шығарсақ та, шығармасақ та аренданы табамыз. Бірінші кезекте соны төлейміз. Бірақ бір жақсысы аренда өскен жоқ. Бір жақсысы сол арендаға тиіскен жоқ», – дейді ол.

“Азық-түліктен үнемдеуге тура келеді”

Ulysmedia тілшісі сөйлескен Алматы тұрғыны Мәрияның сөзінше, ет, балық, шұжықты айтпағанда, көкөніс бағасы өсіп кеткен. Азық-түліктен үнемдеуге тура келеді дейді ол.

«Картошканың келісі 360 теңге деген сұмдық қой енді. Овощи-фрукты қымбат. Қонаевтың қияры екі мың теңге дейді, сұмдық қой. Неге өзіміздің Қонаевтың қияры екі мың болуы керек? Америкадан әкеле ме оны? Қазақтар етті ауылдан алып келеміз ғой, бірақ ет қымбат енді», – дейді ол.

Мәрзия азық-түліктен бөлек, коммуналды қызмет тарифтері де өсті дейді. Сөзінше, кейінгі үш айда газға (жылуға) 55 мыңнан төлеген.

Үкіметтің уәжі

Бұған дейін үкімет әлеуметтік шиеленісті азайту үшін бензин бағасын көтеруге мораторий жариялап, коммуналдық тарифтерді сәуірге дейін өсіруге жол бермейтінін мәлімдеген. Қабылданған шаралар нәтиже беріп жатыр дейді.14 қаңтарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы орта есеппен бар болғаны 0,2 пайызға өскен деп хабарлады.

Сатушылар мен сарапшылардың сөзінше, бағаның өсуіне әсер еткен негізгі себептердің бірі – жаңа жылдан бастап қосылған құн салығы (ҚҚС) 12 пайыздан 16 пайызға дейін көтерілді. Тауар жеткізушілер төлейтін ҚҚС сатылатын заттың өзіндік құнына әсер етеді.