Олигарх Серік Толықпаев мемлекет қаржысын пайдаланып қалай бизнесін дамытып отыр?

Ulysmedia
ulysmedia.kz коллажы

Кәсіпкер Серік Толықпаевқа тиесілі  Aitas холдингі  3,1 млрд теңге көлеміндегі қарызын мерзімінен бұрын өтегенін мәлімдеді. Бұл қаржы Qazaqstan Investment Corporation құрылымы арқылы алынған болатын (аталған ұйым Бәйтерек ҰБХ еншілес мекемесі). Ulysmedia.kz Қазақстандағы агроөнеркәсіп кешенінің ірі ойыншыларының бірі мемлекет қаржын тартуды өз жобаларын дамытудың негізгі стратегиясына қалай айналдырғаны туралы жазған болатын.

СЕРІК ТОЛЫҚБАЕВ НЕСІМЕН ТАНЫМАЛ?

Серік Толықпаевтың байлығы 359 миллион АҚШ долларына бағаланады. Ол Aitas холдингі құрамына кіретін Макинск және Өскемен құс фабрикаларын, Алматы асыл тұқымды құс өсіру репродукторын, сондай-ақ бірқатар өсімдік шаруашылығы кәсіпорындары мен ет өңдеу зауыттарына ие.

2024 жылы Толықпаев Aitas холдингін агроөнеркәсіп саласындағы қызметін сақтай отырып, инвестициялық компанияға айналдыруды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Сонымен қатар, өз бизнесін дамыту үшін ол квазимемлекеттік сектор құрылымдарын белсенді түрде тартып келеді.

Оған қолдау көрсеткен негізгі ұйым — Qazaqstan Investment Corporation. Бұл компанияның еншілес ұйымдары — Baiterek Venture Fund және AOM Rail B.V. холдинг капиталына миноритарлық акционер ретінде қатысқан.

2025 жылдың ақпан айында кәсіпкер осы компаниялардан акцияларды кері сатып алатынын мәлімдеді. Әңгіме 14,34% үлес туралы болып отыр. Оның жалпы құны 18,9 млрд теңгені құраған.

IL-TOV КОМПАНИЯСЫ НЕМЕН АЙНАЛЫСАДЫ?

IL-TOV ЖШС-нің қызметі құс етін терең өңдеумен байланысты, ал компанияның негізгі активі — Қосшы елді мекенінде орналасқан жартылай дайын өнімдер өндіретін фабрика.

Жоба 2019 жылдың күзінде мемлекет қолдауымен іске қосылған: қаржыландыруды Qazaqstan Investment Corporation, яғни Бәйтерек ұлттық басқарушы холдингінің еншілес ұйымы қамтамасыз еткен.

2024 жылдың тамыз айында IL-TOV компаниясының сол кездегі директоры Михаил Шейнкман президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ақмола облысына жұмыс сапары барысында жобаны таныстырып, фабриканың ауқымды инвестицияларды қажет ететінін айтқан.

Ол кезде қосымша өндірістік желіні іске қосу үшін 10 млрд теңге тарту және дайын тағамдар өндіретін комбинат салу жоспарланған еді.

Ақмола облысындағы  IL-TOV фабрикасы. Фото: Ақорда.

Бір жылға жетер-жетпес уақыттан кейін, 2025 жылдың маусым айында компанияны Aitas холдингі, яғни Серік Толықпаев иелік ететін құрылым сатып алған. Мәміле құны 2,1 млрд теңге болған. Бұл — кәсіпорынды іске қосуға мемлекет жұмсаған қаражаттан шамамен 1 млрд теңгеге арзан болып шыққан.

Фабрика инвестиция көлемінен төмен бағаға сатылғанымен, оны Aitas холдингі сатып алған сәтте кәсіпорын құлдырау жағдайында болды деуге негіз жоқ. Керісінше, сол кезеңде компания табысы шамамен 15 есеге өскен.

Мәселен, 2020 жылы, жобаның бастапқы кезеңінде, табыс көлемі 108,8 млн теңге болса, 2024 жылдың қорытындысы бойынша (яғни Толықпаев сатып алар алдындағы кезеңде) IL-TOV 1,6 млрд теңге табыс тапқан.

БАСТАМА МЕМЛЕКЕТТІК, ТАБЫС ЖЕКЕМЕНШІКТЕ

Бұл жоба Серік Толықпаевтың жалпы бизнес-стратегиясымен үйлесімді қабысады: IL-TOV шикізатты Aitas холдингі құрамына кіретін Макинск құс фабрикасынан алады. Кәсіпкер холдингті аграрлық-өндірістік бағыттан азық-түлік өндірісіне бейімдеуді көздегендіктен, жартылай дайын өнім шығару ол үшін тиімді инвестиция саналады.

Сонымен қатар, IL-TOV жобасына жұмсалған шығын Толықпаев үшін салыстырмалы түрде аз. Мәселен, ол 2025 жылы Шымкент қаласындағы «АМП-Южный» шұжық зауытын іске қосуға 18,6 млрд теңге инвестиция салуды жоспарлаған. Ал иорданиялық Alhusaini Group-пен бірлесіп құс репродукторын салу жобасының инвестиция көлемі 85 млн доллар деп бағаланған.

Осы тұрғыдан алғанда, 3,1 млрд теңге көлеміндегі қарызды қайтаруды ірі жетістік деп айтуға келмейді. Серік Толықпаев тиімді бизнес-модель қалыптастырған: алдымен жобаның бастапқы кезеңінде мемлекеттік қолдауға сүйену, кейін активтерді сатып алып, оларды өз құрылымына біріктірген.

Кәсіпкер капиталды көп қажет ететін жобаларды мемлекеттік қаржыны тарта отырып, прагматикалық түрде жүзеге асырып келеді. Қазақстандық агрохолдингтердің ірі жетістіктері туралы есептердің артында мемлекеттің елеулі үлесі жатыр. Алайда бұл үлес көбіне назардан тыс қалып, мемлекеттік қаржының қатысуымен іске қосылған жобалардың негізгі пайдасын жекеменшік бизнес иеленіп отыр.