Алматыдағы «Қазақфильм» киностудиясының іргесіндегі 5,5 гектар жерге саябақ салу жоспарланғаннан кейін Қазақстан кинематографистері альянсы аумақтың тағдырын талқылау үшін БАҚ өкілдерін жинады. Кинематографистер өз ұсыныстарын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады. Ulysmedia тілшісі киностудия аумағына қатысты ұсыныстарды тыңдап, кинематографистердің көкейіндегісін білді.
Олардың айтуынша, сөз болып отырған аумақ жай ғана бос жатқан жер емес. Бұған дейін мұнда фильмдерге арналған декорациялар қойылып, киностудияның өндірістік қажеттіліктері үшін пайдаланылған. Сондықтан олар бұл жерде тек саябақ емес, ұлттық кинотеатр, киноға арналған оқу орны мен тарихи фильмдер түсірілетін павильон салуды ұсынып отыр.
Cаябақ па, әлде кино ма?
Бүгін Алматыда Қазақстан кинематографистері альянсы БАҚ өкілдерін жинап, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильмнің» аумағын игеруге қатысты мәлімдеме жасап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жазған үндеуін оқыды. Айта кетейік, Қазақстан кинематографистері альянсының құрамына «Кинематографистер одағы», «Кинематографиялық өнер және ғылым академиясы» және «Кинематографистер лигасы» кіреді.
Альянстың мәліметінше, киностудияға іргелес орналасқан шамамен 5,5 гектар жер телімін Алматы әкімдігі тақырыптық саябақ құру үшін беріп жатыр. Қазірдің өзінде құрылыс жұмыстары басталған. Алайда кинематографистердің айтуынша, қолданыстағы тәсіл қалалық демалысқа арналған дербес саябақ аумағын құруды көздейді және бұл аумақты кино өндірісімен бірлесіп пайдалануды қарастырмайды.
Альянстың пікірінше, аумақты одан әрі пайдалану туралы шешімдерді кәсіби қауымдастықпен бірлесіп талқылау қажет. Бұл ретте Қазақстандағы кино өндірісінің қажеттіліктері мен саланың даму перспективалары ескерілуі тиіс.
Бұған дейін қала әкімдігінің Telegram-арнасында Алматыда отандық кино тарихына арналған жаңа қоғамдық кеңістік – «Қазақфильм» кинематография саябағының тұжырымдамасы әзірленіп жатқаны жайлы ақпарат шыққан еді.
«Қазақфильм» аумағын сақтау мәселесінде біз толықтай жұмыла аламыз»
Кинематографистер лигасының төрағасы Айдар Баталовтың айтуынша, өзара келіспеушіліктер болғанымен, «Қазақфильм» мәселесіне келгенде кинематографистер бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірігіп, әкімдікке өз ұсыныстарын жеткізуге дайын.
«Кинематографиялық қауымдастықтың арасында алауыздық пен бөліну болғанымен, киностудияларды және “Қазақфильм” аумағын сақтау мәселесінде біз толықтай жұмыла аламыз. Бұған дейін киностудияны басқарған Бахарбеков, Арман Асенов, Ақан Сатаев сияқты басшылардың барлығы кинематографист болды. Сондықтан олар “Қазақфильм” аумағының маңызын әрі өзіндік киелі мәнін түсінді. Ал қазір киностудия басшылығында кинематографист емес, міндетін атқарушы басшы отыр. Меніңше, осы жағдай да қазіргі мәселенің туындауына әсер етті. Бұған дейінгі басшылар киностудияның жерін қорғау үшін министрлікке де, әкімдікке де барып, бұл аумақтың кино өндірісі үшін неге қажет екенін дәлелдеп, өз позициясын батыл қорғайтын», – деді Баталов.
Кинематографиялық өнер және ғылым академиясының президенті Рашид Нұғымановтың айтуынша, әкімдікпен осы мәселеде ортақ диалогқа келуге дайын екенін әрі ол жерге тек қана саябақ емес, қазақ киносына қызмет ететін ғимарат қатар салынуы керек.
«Көпшілік бұған күмәнмен қарауы мүмкін екенін білемін. Бірақ диалогсыз біз ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Бұл аумақ шын мәнінде мемлекетке тиесілі. Сондықтан біз бүгін бойкотқа немесе ереуілге шақырып отырған жоқпыз. Біз барлық Қазақстан азаматына тиімді болатын диалог орнатуды әрі қазақ киносына қызмет ететін нақты ойларымызды ұсынамыз», – деді Нұғыманов.
Кинематографистердің нақты ұсынысы қандай?
Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Адай Абельдиновтың айтуынша, әу баста Шәкен Айманов ол жерді Дінмұхамед Қонаевтан қазақ киносы үшін сұрап алған, аумағы 22 гектар болған, бара-бара 17 гектар қалып енді соның 5,5 гектар жеріне саябақ саламыз деп отыр.
«Бұған дейін де Қазақфильмді Талғарға, басқа жерлерге көшіру туралы мәселе бірнеше рет көтерілді. Қапшағайға көшіру туралы да сөз болды. Осындай жағдайлардың барлығында қазақ киносының ардагерлері киностудияның аумағын қорғап, сақтап қалды. Өкінішке қарай, бұл мәселе әлі де жалғасып келеді. Сондықтан біз де диалогты қолдаймыз. Біз – кемелденген қоғамбыз. Көшеге шығып, жолдарды жауып немесе қандай да бір заңсыз әрекеттерге барғымыз келмейді. Меніңше, мұндай әрекеттер тиімді емес. Бүгін біз билікке, қалалық әкімдікке диалогқа шақыру жасап, ел президентіне де үндеу жолдап отырмыз. Бізді тыңдап, осы диалогтың өтетініне үміттенеміз. Диалог орнаған кезде бұл мәселенің аясында бұдан да көп өзекті сұрақтарды көтеріп, оларды жан-жақты талқылай аламыз», — деді Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Адай Абельдинов.
Сонымен қатар, Адай Абельдинов кинематографистері альянсы атынан әкімдіктің альянспен біргіп жұмыс шақырып дау болып отырған 5,5 гектар жерге нақты не салуды ұсынатыны жіпке тізіп айтты.
«Ол жерде ағаш өсіп тұрса, ол бос жатқан жарамсыз деген сөз емес, ол жерге кезінде «Томирис» фильмнің декорациясы салынған, қазақфильмге керек кезде ол аумақ пайдаланылады. Ол жерге саябақ саламыз дейді, жалпы әр жерге саябақ сала беруге болады. Алайда біз айтып отырған аумаққа жалғыз саябақ емес, ұлттық кинотеатр салу керек, жыл сайынғы шығатын киноларды сол жерде арзан бағадан болса көрсетсе, халық барады, себебі ол классика. Екіншіден, Қазақстан жалғыз мемлекет өзінің кино институты, не университеті жоқ. Иә, Жүргенов бар, Шабыт бар, бірақ ол университет ішіндегі кішігірім факультет ғана. Сол үшін бізге киноға арналған бір оқу орны керек. Үшіншіден, тарихи кино салуға арналған үлкен павильон салсын. Осы үш киноға қызмет ететін ғимаратты салсын да, айналасына саябақ жасасын, адамдар келіп соның айналасында демалып отырады», – деді Абельдинов.
Президентке үндеу: Ашық талқылау өткізу ұсынылды
Кинематографистер альянсы өз үндеуінде Президенттен киностудия аумағын игеру үдерісін қоғамдық тыңдаулар толық өткізілгенге дейін тоқтата тұруды сұрады. Сондай-ақ жобаға киноиндустрия өкілдері, урбанистер, экологтар мен Алматы тұрғындарын тартып, ашық талқылау өткізуді ұсынды.
«Қазақфильм» аумағы – жай ғана жер телімі емес. Бұл – отандық мәдениеттің іргетасы. Біз киноиндустрия өкілдерінің, урбанистердің, экологтардың және Алматы тұрғындарының қатысуымен жоба бойынша ашық талқылау ұйымдастыруды, сондай-ақ киностудия аумағын сақтап қалуға мүмкіндік беретін ымыралы тұжырымдамаларды қарастыруды сұраймыз. Мұндай аумақ қала тұрғындары мен қонақтарына арналған саябақпен қатар, кино түсірілімдері мен іс-шаралар өткізілетін және ұлттық киноны насихаттайтын кеңістік ретінде қызмет ете алады», – делінген үндеуде.
Автор: Перизат Жарылқасын