Журналист Вадим Борейко операторының екі көлігін белгісіз біреулер өртеп кеткенін мәлімдеді

Ulysmedia

20 ақпанға қараған түні белгісіз біреулер "Гиперборей" Youtube-арнасы операторының екі көлігін өртеп кетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

әлеуметтік желіден

Бұл туралы Youtube-арнаның негізін қалаушы, журналист Вадим Борейко әлеуметтік желіде мәлім етті.

"20 ақпанда менің операторымның екі көлігін үйінің жанында жарып жіберді", - деп жазды журналист.

Оның сөзінше, көліктер "Гиперборей" Youtube-арнасының жұмысында қолданылған. Борейко болған оқиғаны журналистердің кәсіби қызметімен байланыстырады.

Бұл Қазақстанда журналистерге жасалған шабуылдардың алғашқысы емес. 10 және 13 қаңтар күндері белгісіз біреулер Elmedia.kz сайты редакциясы кеңсесінің терезелерін сындырып кеткен болатын. Бұл алты айдағы алтыншы шабуыл ретінде тіркелді. Редакция жетекшісі Гүлжан Ерғалиева Ішкі істер министрінен жағдайды бақылауға алуды талап етті. Президент Тоқаев оқиғаға жауап беріп, шабуылдарды мұқият тексеруді тапсырды.

13 қаңтарда белгісіз біреулер белгілі блогер Динара Егеубаеваның көлігін өртеп жіберген. Жыл басында ол «Алтыншы Қаңтар» блогын құру туралы хабарлап, бір мандатты округтер бойынша Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауына қатысуға дайын екенін жеткізген.

Алматы полициясы өрт қойды деген күдікпен кәмелетке толмаған бес жасөспірімді ұстады. Олар, сондай-ақ El Media-ға шабуыл жасады деген күдікке ілінді. Тәртіп сақшылары жеткіншектердің интернет арқылы «тапсырыс» алғанын хабарлады.

Өткен жылдың қазан айында Orda.kz ақпараттық порталының редакциясына бас редактор Гүлнәр Бәжкенованың суреті мен шошқаның басы салынған пакет барған. Онда әдейі жыртылған фото жануардың аузына салынған. Бажкенованың өзі бұған Назарбаевтар отбасы мен тұңғыш президент туралы жарияланымдары себеп болғанын мәлімдеді.

18 қаңтарда шабуылдаушылар Ulysmedia.kz сайтын бұзып, бас редактор Самал Ибраева мен оның отбасының жеке деректерін жариялады. Сайт басшысы полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалды.

19 қаңтарда журналист және Hyperborey YouTube арнасының авторы Вадим Борейко пәтерінің есігін белгісіз біреулер құрылыс көбігімен жауып тастағаны жайында хабар тарады. Журналистің айтуынша, олар есікті жауып, кейін оны өртеп жібермек болған.

Сондай-ақ, жуырда ғана Ulysmedia.kz кеңсесіне біреулер мал еті мен бас редактордың балаларының суреті салынған қорап жіберген. Самал Ибраева бұл әрекетті редакцияны қорқыту деп бағалайды. Құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.