14,3 трлн теңге: Қазақстанда кімнің зейнетақы жинағы ең көп?

Ғалиасқар Думан

Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының сомасы 14,3 трлн теңгеден асты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

фото: ашық дереккөзден

Ұлттық банк мәліметіне сүйенсек, 2023 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша жеке зейнетақы шоттарының жалпы саны – 10,9 млн.

Оның негізгі үлесі Алматыда – 1,6 млн шот, Шымкентте – 1,3 млн шот. Бұл қалаларда жинақ сомасы тиісінше 2,7 трлн теңге және 1,1 трлн теңгені құрайды. Сондай-ақ, елорда тұрғындары көп ақша жинады – 1,3 трлн теңге, бірақ мұнда шоттар саны аз – 781,2 мың.

Ең аз соманы Алматы облысы (70 млрд теңге) және Түркістан облысының (76,3 млрд теңге ) салымшылары жинаған. Бұл өңірлерде жеке зейнетақы шоттарының саны тиісінше 96,5 мың және 165,1 мың.

Жас ерекшеліктеріне қарай қарастырар болсақ, ең көп ақша 31 жастан 40 жасқа дейінгі қазақстандықтардың шотында – 4,16 трлн теңге, ал 41 жастан 50 жасқа дейінгілерде – 4,12 трлн теңге. 51 жастан 60 жасқа дейінгі салымшылар – 3,7 трлн теңге, 21 жастан 30 жасқа дейінгілер – 1,3 трлн теңге жинаған.

81 және одан егде қазақстандықтардың жинағы – шамамен 1,1 млрд теңге, ал 71 жастан 80 жасқа дейінгілерде – 6,2 млрд теңге, 20 жасқа дейінгі азаматтардың шотында – 23,1 млрд теңге бар.

Айта кетсек, 2023 жылғы ақпан айында зейнетақы қорынан алынған зейнетақы жинақтарының сомасы 11 млрд теңгені құрады.