Алматыда Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап еткен азаматтар ұсталды

Ғалиасқар Думан

Алматыда Шыңжаңдағы туыстарын босатуды және олардың отбасыларымен қауышуына мүмкіндік беруді талап еткен азаматтар ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

мұрағат/RFE/RL

Үш адамның – Ақиқат Қалиолла, Нұрзат Ермекбай және белсенді Байболат Күнболатұлының анасы Зауатхан Тұрсынның ұсталғаны туралы хабарланды.

Күнболатұлының айтуынша, оларды Медеу ауданының полиция басқармасына жеткізген.

Полицияның араласқан сәтін Ақиқат Қалиолла жариялаған видеоның кадрларынан көруге болады.

Ұсталғандар акцияны 27 наурызда бастаған. Видеода Ақиқат Қалиолла таңертең Нұрзат Ермекбайдың үйінің жанына полиция қызметкерлері келгенін, "бақылау күшейгенін" айтады.

Сондай-ақ, Қытай консулдығына Алмахан Мырзан да келді, оның қолында ағасы, дін зерттеушісі Бақытхан Мырзанның суреті болды – ол Шыңжаңдағы түзеу мекемесінде қайтыс болған.

Ашық дереккөздердің хабарлауынша, Шыңжаңдағы "қайта тәрбиелеу лагерлерінде" миллионнан астам мұсылман бар. ҚХР үкіметі бұл айыптауларды жоққа шығарып, адамдар терроризм мен діни экстремизмге қарсы "қайта тәрбиелеу мектептерінен" өз еркімен өтеді деп мәлімдеді.