Қазақтарды қорлаған "майордың" үстінен алауыздық тудыру туралы іс қозғалған жоқ

Ғалиасқар Думан

ІІМ Қостанайда қазақтарды қорлаған "майорға" қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

видеодан кадр

Полиция мәліметінше, бұл дерек 17 сәуірде Солтүстік полиция бөлімінде тіркелген.

“Оқиға орнына келген автопатруль мас күйінде болған 45 жастағы Қостанай тұрғынын ұстады. Қазіргі уақытта ҚР ӘК екі бабы - 434 б.1 “Ұсақ бұзақылық” және 73-1 "Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру" бойынша әкімшілік материал жиналды. Әкімшілік материалдар іс жүргізу шешімін қабылдау үшін сотқа жіберілді”, – деп түсіндірді ведомство.

Оқиғаның екінші қатысушысына 45 жастағы ер адамға дене жарақаттарының дәрежесін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.

Полиция жанжал үйдің ауласындағы тұрақ орнындағы дау-дамайға байланысты тұрмыстық негізде болғанын атап өтті.

Еске салайық, әлеуметтік желілерде тараған видеода мас адам өзін "гвардия майоры" ретінде таныстырып, бейнежазба авторымен жанжалдасқан және бүкіл қазақ халқын балағат сөздермен қорлаған.

"Сендер, қазақтар, (...) (дәстүрлі емес жыныстық бағдардағы адамдарды білдіретін балағат сөздер – ред), енді не болды? Өмір сүруді үйрендіңдер ме?! Сендер бұған дейін ешкім болмадыңдар!"- дейді ер адам.

Кейін ол автордың қолынан телефонды тартып алуға тырысқан. Сондай-ақ, видеодан оны полиция алып кетіп бара жатқанын көруге болады.