Үкімет сағатында Асқарбек Үйсімбаев осындай мәселе көтерді. Депутаттың айтуынша, медицина саласында қызметкерлер тұрақтамай жатыр, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Мәселен, СЭС қызметінің жасақталуы 85,2 пайызды құрайды. Бұл ретте эпидемиологтар мен гигиенашыларға қажеттілік 598 адамды құрайды. Кадрлардың көбі тұрақтамауының орын алып отырғаны – 15 пайыз. Сонымен қатар соңғы 3 жылда СЭС маманының жарияланған бір бос лауазымына орташа алғанда небары 0,5 кандидат қатысқанын атап өткім келеді. Осылайша, салада кадрлардың қартаю үрдісі, жас мамандардың келмеуі байқалады. Жағдайды қазірден бастап қолға алмаса, жақын арада қызметте кадрлық коллапс болуы ықтимал», - деген депутат бұл мәселенің шешімін денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдан сұрады.
Бұл сұраққа жауап берген Алексей Цой қазір шынында да кадрларды қалыптастыру сала үшін нөмір бірінші мәселе болып отырғанын мойындады.
«Жоғары оқу орындары осы мәселені реттеу үшін мамандандырылған мамандарды даярлайды. Біз басым бағыттар бойынша 3 мыңға тарта қызметкердің біліктілігін арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте халықаралық серіктестер де жұмысқа тартылуға дайын. Аймақтық деңгейде осындай жұмыс қолға алынған», - деді ол.
Министрдің айтуынша, белгілі бір маманды барған жерінде орнықтырудың маңызы зор. Алексей Цой аталған қызметкерлердің 90-150 мыңға дейінгі жалақысы аз екенін атап өтті . Осы айлық медицина қызметкеріне түскен жүктеме үшін тым төмен.
«Арнайы костюмдерді киіп, ауыр жұмыс атқарғаны үшін осындай ақы алды. Сол себепті біз медицина мамандарының айлығын 40-70 пайызға дейін арттыру амалын қолға алдық. Сонымен қатар әкімдерден осындай мамандарды аймақтық деңгейде әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуді сұрап отырмыз. Мамандарды даярлаймыз-ақ, бірақ олар өңірлерге жетіп үлгермейді. 150-200 адамды даярлағанымызбен, олар өңірлерге жете алмай қалады. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қуана-қуана қалып қалады. Сол себепті аймақтық деңгейде сондай мамандарды алып қалу керек. Кейбір әкімдер оларға баспана мен көтерме ақысын беріп жатыр. Қолдауы жоқ өңірлерде мәселе сондай екенін үкіметке айтамыз», - деді Алексей Цой.